Ресей зымыраны түсіп, тұтас бір подъезі түгел қираған Украинаның Днепр қаласындағы тұрғын үйде болған жарылыстан қаза тапқандар саны 40 адамға жетті. Бұл туралы Азаттықтың Украин қызметі хабарлады. Мұның алдында 35 адам мерт болды деген ақпарат тараған еді.
Кейінгі мәліметке қарағанда, қаза болғандар арасында үш бала бар, тағы отызға жуық адамның тағдыры әлі белгісіз.
Қираған үйдің орнынан 39 адам құтқарылған. Жарылыс салдарынан жараланған 75 адамның арасында 14 бала бар.
14 қаңтар, сенбі күні Ресей қарулы күштері Украинаның Днепр қаласына шабуылдап, ондаған түрлі зымыран ұшырған. Көпқабатты тұрғын үйге бомбалаушы ұшақтан тасталған X-22 зымыраны түскен. Мұндай зымырандар әуе техникасын тасымалдайтын теңіз объектілеріне қарсы қолданылады.
Батыс елдері Ресейдің тұрғын үйге шабуылдап, бейбіт адамдарды қырып-жойғанын айыптады.