19 қаңтарда таңертеңгі сағат 7-де Риддердегі жылу электр орталығының от жағу цехынан өрт шықты. Бұл жөнінде жылу электр орталығы мекемесінің басшылары хабарлады. Өртке не себеп болғаны айтылмайды. Тұрғындар үйлер "бірден суып кеткенін" айтты.
Әлеуметтік желіде оқиға орнынан қысқа видео да тарады.
Азаттық тілдескен қала тұрғыны “үйі бірден суығанан” айтты.
– Бұған дейін де оңып тұрмаған еді. Қазір тіпті суыды. Бірден суыды. Суымағанда қайтеді, жылу электр орталығы істемей қалды, – деді Назар Асаинов. Әлеуметтік желіде өзге тұрғындар да жылу жоғына шағымданды.
Жылу электр орталығының директоры сағат 9-да “өрт сөндірілгенін” хабарлады.
“Қазіргі уақытта өрт толық сөндірілді, қаза тапқандар жоқ. От жағу қалпына келтіріліп жатыр. Жылу желісінің температурасы уақытша төмендейді. Сабыр сақтауларыңызды сұраймыз" деді орталық басшысы Әл-Тайыр Ақбожанов.
"Власть" сайтының жазуынша, оқиға орнына облыс әкімі Даниал Ахметов барған. Ол жылу орталығындағы отын уақытша мазутпен алмастырылатынын айтқан.
"Риддер ЖЭО-да отын түрі көмірден мазутқа ауыстырылып жатыр. «Қазмырыш» кәсіпорыны 960 тонна мазут жібереді, ол бір тәулік ішінде келіп жетеді. Ал ЖЭО-ның өзінде 320 тонна мазут бар. Сонда бес тәулікке жеткілікті қор болады. Жоспар бойынша, алдағы үш күнде мазутпен жылытамыз. Осы аралықта қазандықты қалпына келтіріп, қайтадан қатты отынға көшіреміз" деді Даниал Ахметов.
Жыл басынан бері Риддердегі жылу электр орталығында осымен екінші рет "төтенше жағдай" болып отыр. 5 қаңтарда Риддер жылу орталығының күл шығару жүйесіндегі станциясында сорғы істен шығып, "су астында қалған". Сол кезде де тұрғындар үйлері "суық екеніне" шағымданған.
Былтыр жыл аяғында жылу электр орталығында бірнеше рет апат болып, орталықтандырылған жүйеге қосылған 22 мыңнан астам отбасы салқын үйлерде түнеуге мәжбүр болған еді. Сол кезде қалада техноген сипаттағы төтенше жағдай режимі енгізілген. Бұл төтенше жағдай режимі әлі күшінде. Сол кезде ШҚО әкімі ЖЭО-дағы мәселеге орталық басшылығы мен энергетика министрлігінің жергілікті өкілдерін айыптаған. Облыс прокуратурасы қарашада ЖЭО-да төтенше жағдай себебін анықтау бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеген, бірақ нәтижесін әлі жариялаған жоқ.