Қарақалпақстандағы рейд: 132 адам ұсталып, 89 мың үй тексерілді

Нүкіс қаласы.

Қарақалпақстанда кейінгі бірнеше аптада рейдтер жүріп, іздеуде болған 132 адам тергеу органдарына тапсырылды. Бұл туралы ӨзА ақпарат агенттігі Қарақалпақстан ішкі істер министрі Бақтияр Төребековке сілтеме жасай отырып хабарлады.

"Тазалау-антитеррор" деп аталатын рейд барысында Қарақалпақстанда 18 200 нысан мен 89 мың үй тексерілген. Тексеруге "қоғамдық белсенділердің де қатысқаны" айтылды.

Бұған қоса, түсіндіру жұмысынан соң жергілікті тұрғындар 344 дана аңшы мылтығы мен 170 оқ-дәріні құқық қорғау органдарына өз еркімен тапсырған. Із-түзсіз жоғалды деп есептелген 12 адам үйге қайтарылған.

57 мыңнан астам заңбұзушылық анықталып, кінәлілер жауапқа тартылды, деп хабарлады агенттік.

Қарақалпақстанда рейд Нүкістегі қанды оқиғадан шамамен алты ай өткен соң ұйымдастырылып отыр. 2022 жылы 1-2 шілдеде жергілікті тұрғындар Өзбекстан Конституциясына өзгеріс енгізуге қарсы наразылыққа шыққан. Ата заң жобасында Қарақалпақстан егемендігі мәртебесі мен республика құрамынан өз еркімен шығу құқығын алып тастау қарастырылған. Халық толқуынан соң Ташкент даулы өзгерістерден бас тартатынын мәлімдеді.

Күштік құрылымдар наразылықты күшпен басып-жаншыды. Өзбек билігінің мәліметінше, Нүкістегі наразылық барысында 21 адам қаза тауып, 243 адам жараланды. 500 адам ұсталды.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Өзбекстанды оқиғаны тәуелсіз зерттеуге, күштік құрылым өкілдерінің халыққа күш қолдануын да тексеруге үндеген. Human Rights Watch (HRW) мәліметінше, күштік құрылым өкілдері "қаруды негізсіз қолданған".

Рейд кезінде ұсталған 132 адамның Нүкіс оқиғасына қатысы бар-жоғын Өзбекстан билігі әзірге хабарлаған жоқ.

Қазір Өзбекстанда Нүкістегі оқиғаға байланысты айыпталған белсенділер соты жүріп жатыр. Бұған дейін прокурорлар "конституциялық құрылысқа нұқсан келтірді" деп айыпталған белсенділерді 18 жылға дейін соттауды сұраған.