АҚШ, ЕО және Ұлыбританияның Қазақстандағы елшіліктері елде журналистерге шабуыл жиілегеніне алаңдаушылық білдіріп, ортақ мәлімдеме таратты.
"Кейінгі кезде тәуелсіз журналистерге қарсы жасалып жатқан шабуылдарға алаңдаймыз, журналистерге қолдауымызды білдіреміз. Әрбір оқиға толық тергеліп, бұл құқықбұзушылықтарға кінәлі адамдар жауапқа тартылуы керек" деп жазылған 20 қаңтар күнгі мәлімдемеде.
Онда мәлімдеме авторлары президент Тоқаевтың шабуылдарды "толық тергеу жүргізу қажет деген мәлімдемесін де құптайтынын" жазған.
"Қоғамы ашық әрі белсенді, ал үкімет халық алдында есеп беретін жаңа Қазақстанды құруда сөз бостандығы мен еркін бұқаралық ақпарат құралдарының алар орны зор. Қазақстанның осы мақсаттарға жетудегі күш-жігерін қолдайтынымызды тағы да қайталаймыз" деді олар.
Қазақстанда кейінгі кезде тәуелсіз журналистер мен басылымдарға шабуыл жиілеген. Бір күн бұрын журналист Вадим Борейконың пәтерінің есігіне белгісіз біреулер желім жағып, подъезін бояп кеткен. Журналист полицияға арыз түсіріп, оқиғаны кәсіби қызметімен байланыстырған. Оның алдында Ulysmedia сайтының бас редакторы Самал Ибраева сайттың бұзылғанын хабарлап, алғашқы бетіне өзі мен отбасының жеке деректері жарияланып кеткенін хабарлаған.
20 қаңтарда таңертең президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Тоқаев "құқық қорғау органдарына журналистерге қарсы бағытталған бірқатар қылмыс бойынша мұқият тергеу жүргізуді тапсырды" деп мәлімдеген. Баспасөз хатшысы "қоғам қауіпсіздігі мен мемлекет беделіне нұқсан келтіру үшін жасалған бұл заңсыз әрекеттердің орындаушылары ғана емес, тапсырыс берушілері де анықталуға тиіс" деп жазды.
"Әділ сөз" баспасөз еркіндігін қорғау ұйымының мәліметінше, 2023 жылдың алғашқы айы өтпей жатып, Қазақстанда журналистерге бес шабуыл жасалған.
Өткен апта соңында Қаңтардағы азаптаулар туралы ақпарат таратып жүрген журналист Динара Егеубаева белгісіз біреулер көлігіне от қойғанын хабарлаған. Ізінше полиция күдікті ретінде бес жасөспірім ұсталғанын хабарлаған.
- "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымының "Сөз бостандығы индексінде" Қазақстан 180 елдің арасында 122-орында тұр. Елде сөз бостандығының ахуалы күрделі деп бағаланады.