Ақтөбе қаласының мамандандырылған тергеу соты Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан Русланбек Жұбаназаров отбасының осы кезге дейін жәбірленуші деп танылмауын заңсыздық деп таныды. Тергеу сотының тиісті қаулысы 24 қаңтар күні шықты.
Русланбек Жұбаназаровтың қарындасы Жайнагүл Бүркітқызы тергеу сотына шағымданбас бұрын Ақтөбе облыстық прокуратурасына хат жолдап, әкесі Бүркіт Жұбаназаров екеуін жәбірленуші деп тануды, қылмыстық іс материалдарымен таныстыруды сұраған. Алайда прокуратура Жұбаназаровтардың шағымын қанағаттандырмаған. Тергеу соты "прокуратура заңсыздықтарға жол берген" деп танып, Ақтөбе облысы прокурорын "заңсыздықтарды жоюға" міндеттеді.
- Тергеу соты Жұбаназаровтардың шағымын ішінара қанағаттандырды. Сот облыс прокуроры мен оның бірінші орынбасарының әрекетін заңсыз деп таныды, - деп хабарлады Азаттыққа Ақтөбе облыстық соты.
Жұбаназаровтардың адвокаты Амангелді Шорманбаевтың айтуынша, отбасы Русланбек Жұбаназаровтың өлімінен кейін қозғалған істің тоқтатылғанына наразы болып, 13 қаңтарда Ақтөбе қаласының мамандандырылған тергеу сотына шағымданған. Сейсенбі күні тергеу сотында алғашқы мәжіліс өтіп, сот Жұбаназаров отбасының шағымын ішінара қанағаттандырған.
- Сотқа келген прокуратура өкілі марқұм Жұбаназаровтың өліміне байланысты қозғалған қылмыстық істі жабу туралы 2022 жылы 28 сәуірде шыққан қаулының күшін жойғанын хабарлады. Қаулы өткен аптада яғни, 19 қаңтар күні бұзылған. Прокуратураның мәліметінше, қылмыстық іс қайтадан тергеуге жіберіледі. Осы себепті тергеу соты біздің шағымымыз ішінара қанағаттандырды, - дейді адвокат Шорманбаев.
Ақтөбе облыстық прокуратурасы Азаттықтың Русланбек Жұбаназаров туралы сауалдарына жауап бермеді. Ресми хат жолдауды талап етіп отыр. Азаттық ресми сауал жолдады.
Адвокат Шорманбаевтың айтуынша, прокуратура істің қайта тергелетінін айтып, тергеу сотынан Жұбаназаров отбасының шағымын қанағаттандырмауды сұраған.
- Русланбек Жұбаназаровтың өлімінен соң қозғалған іс былтыр 28 сәуір күні "қылмыс құрамы жоқ" деп тоқтатылған. Жап-жас жігіт оққа ұшты. Бұл – қылмыс. Оның өмірінің соңғы сәттері көшедегі камераға жазылып қалған. Видеода оның қолында қаруы жоқ екені, Жұбаназаровтың ешкімге қауіп төндірмегені, жаралы жігіттің жан сауғалап қашып бара жатқаны анық көрініп тұр. Сондықтан біз соттан істің қайта тергелуімен қатар, жақындарының жәбірленуші деп танылуын да талап еттік, - дейді адвокат Шорманбаев.
Ақтөбе облысының тұрғыны Русланбек Жұбаназаров Қаңтар оқиғасында оққа ұшқанына бір жыл толса да, оның отбасы қылмыстық іс материалдарымен таныспаған.
- Тергеу бір жылдан бері не әке-шешемді, не мені жәбірленуші деп танымай келеді. Жәбірленуші статусы болмағандықтан қылмыстық іс материалдарымен де таныса алмаймыз. Шағым айтып бармаған жеріміз жоқ. Құзырлы органдардан жарытып жауап ала алмай қойдық, - дейді Русланбек Жұбаназаровтың қарындасы Жайнагүл Бүркітқызы.
Адвокат Шорманбаевтың сөзінше, тергеу сотының қаулысы әлі күшіне енбеген. Алдағы үш тәулік аралығында прокуратура апелляция алқасына шағым түсірмеген жағдайда ғана қаулы күшіне енеді.
Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Мөңке би ауылының тұрғыны 30 жастағы Русланбек Жұбаназаров Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан. Шешесі Күлсім Жұбаназарованың сөзінше, 6 қаңтарда кешкі он шамасында Ақтөбе қаласына жеткен Русланбек жол сөмкесін қарындасының үйіне тастап, досымен бірге шығып кеткен. Содан хабарсыз қалған.
Кейін туыстары митингінің соңғы сағаттарында Русланбектің достарымен бірге алаңға барғанын, полиция қуған кезде сол маңдағы көпқабатты үйдің ауласына қарай қашқанын білген. Сол күні сағат таңғы төрттен өте Әбілқайыр хан даңғылындағы көпқабатты үйлердің бірінің алдында жатқан мәйітті көріп, тұрғындар жедел жәрдем шақырады. Кейін бұл Русланбек Жұбаназаров екені анықталған. 7 қаңтарда туыстары оның сүйегін мәйітханадан тапқан.
Ақтөбедегі наразылық кезінде оқ тиіп қайтыс болған Русланбек Жұбаназаровты туыстары 9 ақпан күні туған жері Мөңке би ауылына жерледі.
Алғашында билік "террорист" деп айыптап, траншеяға көмбек болған Жұбаназаровтың сүйегі туыстарына шамамен бір ай уақыттан кейін, 2022 жылғы 8 ақпанда берілген.
2 қаңтарда Жаңаөзенде сұйылтылған газ бағасының қымбаттағанына қарсылықты Ақтөбе халқы да қолдаған. Олар облыстық әкімдік алдына барып, қымбатшылыққа қарсылық білдірген. Наразылар әкімдікке басып кірмек болған. Полиция оларға көзден жас ағызатын газ шашып, резеңке оқ атқан еді.
Қаңтар оқиғасы кезінде Ақтөбе облысында екі адам мерт болды. Русланбек Жұбаназаров билік демонстранттарды кұштеп таратқан 2022 жылғы 7 қаңтар күні таң алдында оққа ұшса, Файзулла Нұргелдин алаңда алған жарақатынан оңала алмай, екі айдан соң қайтыс болған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Балама "террорист" деген айдар тағып, кім атып өлтіргенін жасырады""Баламды террорист деп траншеяға көмбек". Ақтөбеде ұлынан айырылған отбасы марқұмның сүйегін ала алмай жүр