Украинада із-түзсіз жоғалған ағылшын еріктілері қаза болғаны анықталды

Ерікті Кристофер Пэрри

Украинада із-түзсіз жоғалған британ еріктілері 28 жастағы Кристофер Пэрри және 48 жастағы Эндрю Бэгшоудың Украина шығысында қаза болғаны анықталды. Бұл ақпаратты Ұлыбритания сыртқы істер министрлігі мен Кристофер Пэрридің жақындары растады. Соңғы рет еріктілерді жұрт 6 қаңтарда Соледар қаласы маңынан көрген.

Пэрридің жақындары таратқан хабарламада екі ерікті Соледардан жұртты эвакуациялауға көмектесіп жүрген кезде қаза болғаны жазылған.

Олардың айтуынша, осы уақыт бойы Пэрри 400-ден астам адамды құтқарып, далада қалған көп жануарға көмектескен. Ол адамдарды эвакуациялайтын көліктерге жанармай мнг қосалқы бөлшектер сатып алу үшін краудфандинг ұйымдастырған.

Эндрю Бэгшоу кейінгі кезде Жаңа Зеландияда тұрған, бірақ соғыс басталғаннан кейін Украинаның соғыс жүріп жатқан аймақтарына ерікті ретінде барған. Бэгшоу туыстарының сөзіне қарағанда, азық-түлік тасып, қарттарға соғыс аймақтарынан кетуге көмектескен.

Қаңтардың басында "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясының басшысы Евгений Пригожиннің баспасөз қызметі мен әскери топпен байланысты Телеграм-арналар Соледар қаласында бұрын жоғалған британ еріктісі өлі күйде табылғанын жазған.