"Төңкеріс Алматыда жасалмайды". Биліктің Қаңтарды түсіндіруі және ондағы кемшіліктер

Қаңтар оқиғасы кезінде басып алынған, өртенген Алматы әкімшілігінің алдында тұрған адамдар.

Қазақстандық құқық қорғаушы Евгений Жовтис биліктің Қаңтар оқиғасын "мемлекеттік төңкеріс жасауға талпыныс" деп бағалағанына келіспейді. Ол былтыр жыл басында болған оқиғаларды "өзгеріп жатқан Қазақстан қоғамының көрінісі" деп сипаттайды.

Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Қаңтар оқиғасы мен оған алғышарт болған себептерді талдап, Ұлыбританияда құрылған, Қаңтар оқиғасын зерттеумен айналысып жатқан комиссияның сұрауымен 22 беттен тұратын құжат дайындаған. Комиссия мүшелерінің арасында Ұлыбритания парламентінің депутаттары да бар. Жақында олар Алматыға келіп, Қаңтар оқиғасынан зардап шеккен адамдармен сөйлесті. Қазақстандық шенеуніктер шетелдік қонақтармен жоспарланған кездесуінен бас тартып, сыртқы істер министрлігі зерттеушілерді "жалған комиссия" деп атады.

Ұлыбританиядан келген тәуелсіз комиссия құрамында кімдер бар? Олардың мақсаты не? Комиссияның сұрауымен Қаңтар оқиғасына талдау жүргізген Евгений Жовтис қандай қорытындыға келді? Қылмыстық істер неге құпия қаралып жатыр? Қазақстан билігі Қаңтар оқиғасын тезірек ұмытып, тарихтың бұл бетін жауып тастағысы келе ме? Азаттық құқық қорғаушыдан осындай маңызды сұрақтарға жауап алды.

"ТӨҢКЕРІС", "ДАЙЫНДЫҚ" ЖӘНЕ ЭЛИТАНЫҢ ҚАТЫСЫ

Азаттық: Бас прокуратура осы айда Қаңтар оқиғасына қатысты биліктің нұсқасын жариялап, жоғары шенді тұлғалар астыртын сөз байласып, бүлік шығарғанын айтты. Сіз бұл нұсқаға келіспейсіз. Неге?

Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис.

Евгений Жовтис: Қаңтар оқиғасы сияқты көпқатпарлы құбылысты қарапайым себеппен түсіндіруге болмайды.

Мемлекеттік төңкерістер тарихына қарасақ, әдетте билікті басып алуға талпыныс астанада жасалады: бүлікшілер мемлекеттік ғимараттарды, ұлттық ақпарат құралдарын, бірінші кезекте, күш құрылымдары мен президент әкімшілігін басып алуға немесе қазіргі биліктің қызметіне күмән келтіретін қосымша күш орталығын құруға тырысады. Төңкеріс жасалғанда ұйымдастырушылар бірден халықтың алдына шығып, билікті не үшін қолға алып жатқанын, қандай мақсаты барын айтады. Төңкеріс жасап, кейін басып алған ғимараттарды қорғау, қажет болса, азамат соғысын бастау үшін қарулы күштер керек. Қазақстанда мұның бірде-бірі болған жоқ.

Мемлекеттік билік орталығы саналатын Астанада ешқандай ғимаратты басып алу оқиғасы тіркелмеді. Күш құрылымдары да көрінбеді. Әскер, арнаулы қызмет пен күш құрылымдарын қатыстырмай, қалай мемлекеттік төңкеріс жасауға болады? Керісінше, оқиғаға мүлде қатыспаса да, күш құрылымдарынан бірнеше адам қаза тапты.

Азаттық: Бас прокурор парламентте "Қаңтар оқиғасына 2021 жыл бойы дайындалған" деді…

Евгений Жовтис: Кім бұлай дайындалады? Алматыда жөні түзу қарусыз билікті қалай басып алады? Оның үстіне, билік орталығы Астанада орналасқан.

Қаңтар оқиғасы бірнеше кезеңнен тұрды. Астыртын сөз байласушылар сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы пікір білдірді дегенді елестету қиын. Жаңаөзендегі наразылық "мемлекеттік төңкеріске талпыныстан" бұрын болғанын білеміз. Жаңаөзенде, Қазақстанның батысында әлеуметтік жарылыстың алғышарты болды: адамдар халықтың әл-ауқаты мен инфрақұрылымның нашарлығына, мұнай өндіретін аймақтың кедейлігіне наразы еді. Олар бірінші президент пен оның отбасына ашулы болды. Батыста мемлекеттік төңкеріс белгілері байқалмады. Ал кей өңірлерде мүлде ештеңе болған жоқ.

Жаңаөзенде әкімдік алдына жиналып, газ бағасын түсіруді талап етіп тұрған адамдар. Маңғыстау облысы, 3 қаңтар 2022 жыл.

Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, 2-4 қаңтар аралығындағы бірінші кезеңде Жаңаөзендегі газ бағасының қымбаттауына қарсы наразылық Ақтау мен Маңғыстау облысына тарап, әлеуметтік теңсіздік пен әділетсіздікке қарсы көтерілген халық әлеуметтік-экономикалық мәселелерден саяси талаптарға көшті. Жергілікті азаматтық белсенділер, оппозиция, тәуелсіз кәсіподақтар қосылды. Наразылық көңіл-күй Қазақстанның барлық өңірін шарпып, елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы", "Көше партиясы", тіркелмеген "Демократиялық партия" сияқты әртүрлі оппозициялық топтар өз жақтастарын Жаңаөзенді қолдауға шақыра бастады. Бірақ аталған топтардың мемлекеттік төңкеріс пен астыртын сөз байласуға қатысы бар деу қиын. Қайдағы сөз байласу? Қайдағы төңкеріс қатысушылары?

Жастардың астыртын сөз байласуға еш қатысы жоқ.

Наразылықтың бірінші толқынынан кейін кей өңірлерде жастар да көшеге шықты. Олар Алматы сияқты ірі қалаларда мародерлық, ұрлық, тонауда негізгі рөл атқарды. Бұған таңғалудың қажеті жоқ. АҚШ, Франция, Германияның өзінде жаппай тәртіпсіз басталса, соңы осылай болады. Жастар, әсіресе, ауылдан келген, қаладан орнын таба алмай жүрген, жұмыссыз, агрессивті, өміріне қапалы әлжуаз топтар заңсыздыққа барады. Бірақ олардың астыртын сөз байласуға еш қатысы жоқ. Мүмкін отқа май құйып, жағдайды ушықтыруға тырысқандар болған шығар. Бұл оқиғаны жергілікті элита да өз пайдасына асырмақ болды.

Азаттық: Өзіңіз "ушыққан кезең" деп көрсеткен аралықтағы оқиғаларды айтып отырсыз ба?

Евгений Жовтис: Иә. Бейбіт наразылық жаппай тәртіпсіздікке ұласа бастаған кез болды. Осы кезде біреу жағдайды пайдаланғысы келді. Бұған қатысты болжамнан артық ештеңе айта алмаймыз. Бұрынғы президент [Нұрсұлтан Назарбаевтың] айналасындағы тұлға болуы мүмкін. Білмейміз. Процестердің бәрі жабық өтіп жатыр.

Бірақ күш құрылымдарында әртүрлі элита топ өкілдері отырғанын білеміз. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің осыған дейінгі құрамы бірінші президент пен оның айналасындағылардың мүддесін қорғауға қызмет етті. Сондықтан ҰҚК басшылығының бір бөлігі элита өкілдерімен бірігіп, осы жағдайды пайдаланып, өзін көрсеткісі келген болуы мүмкін. Мемлекеттік төңкеріс Алматыда жасалмайды. Алматы әкімдігін басып алғаннан не пайда? Бұл оқиға алдын ала дайындалған дегенге күмәнім бар. Билік солай десе, неге ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Мәсімовтің сот процесі жабық өтіп жатыр?

Азаттық: Бар жауапкершілік Мәсімов пен оның бұрынғы орынбасарларына жүктелетін сияқты. Бұл оқиғаның артында басқа адамдар тұрғаны анықталуы мүмкін бе?

Евгений Жовтис: Назарбаевтың кәсіпкерлер конгресінде "Осында отырғандардың кез келгенін қолынан ұстап, сотқа жетектеп апара аламын" дегені есіңізде ме? Ол "апара аламын, бірақ апармауым да мүмкін" деген мағынада айтты. Біз сол баяғы авторитар жүйеде өмір сүріп жатырмыз. Онда саяси тиімділік құқық пен әділеттіліктен жоғары тұрады.

[2022 жылы 31 қазанда] БҰҰ-ның жазықсыз ұстау жөніндегі жұмыс тобы Мәсімовтің ісі бойынша пікір білдірді. Олар алдын-ала тергеу кезінде адвокат берілмей, Мәсімовтің әділ сот процесіне қол жеткізу құқығы бұзылғанын айтты. Күмән болғанын қаламасаңыз, сот процестері ашық өтуі керек. Мемлекеттік құпия болса, маңызды құжаттар қаралатын кей отырыстар жабық өтсін, қалғаны қоғамға ашық болуға тиіс.

Мемлекетімізді жақсы білетіндіктен, өкінішке қарай, шындықты білеміз дегенге сенбеймін.

Шерушілер Алматы орталығында. 4 қаңтар 2022 жыл.

Азаттық: Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері мен оқ атқан әскерилерге қатысты істер де құпия қаралып жатыр. Мұны қалай түсіндіресіз?

Евгений Жовтис: Шындықты айтқысы келмейді. Билікті халықаралық зерттеу жүргізуге шақырып келеміз. Қылмыстық тергеу жүргізу бір бөлек. Бұл – қылмыстық-құқықтық құрал ғана. Бізге одан да ауқымды зерттеу жүргізіп, не болғанын, Қаңтар оқиғасының артында кім тұрғанын анықтау керек.

Билікке шындықты айту тиімсіз болса, сот процестері жабық өтеді.

Қаңтар оқиғасынан бері прокуратура бірінші рет 5 қаңтарда парламент алдында есеп берді. Ал былтырғы 6 қаңтардан бастап осы күнге дейін парламент не істеді? Неге парламенттік тыңдалым өткізбеді? Парламенттің зерттеу комиссиялары қайда болды? (2022 жылы 9 наурызда мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан бас прокуратураға сауал жолдап, Қаңтар оқиғасының тергелуі жайлы ауызша жауап беруді сұрады. Сол жылы 14 наурызда бас прокурор мен тергеуге қатысы бар өзге мемлекеттік орган басшылары мәжілісте баяндама жасады – Ред.) Бұл бізде билік тармақтары жоғын көрсетеді. Президенттің қол астындағы атқарушы билік қана бар. Бәріне солар билік жүргізеді. Билікке шындықты айту тиімсіз болса, сот процестері жабық өтеді. Онымен қоймай, тергеу құпиясы деп, іс материалдарын да бермейді. Ештеңе білмей, шындықты қалай анықтауға болады?

Сондықтан халықаралық зерттеу жүргізейік, тым болмаса, сарапшылардың қатысуымен гибридті комиссия құрайық деп ұсындық. Қаңтар оқиғасын ашық талдап, зерттеуге шақырдық. Бірақ бізде бас прокуратура айтқан нұсқадан басқа ештеңе жоқ.

Азаттық: Билік Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан адамдар туралы толық ақпарат бермей отыр. Тамызда 238 адамның аты-жөнінің бас әріптері ғана жарияланды. Марқұмдардың қашан, қайда, қандай жағдайда атылғаны жазылмаған. Қаңтарда прокурор шабуылшылардан 67 адам көз жұмғанын, 142 адам режимді бұзғаны үшін атылғанын айтты. Тағы да көп нәрсе айтылмай қалды. Ақпарат әдейі шектеліп отыр ма? Бұған не себеп?

Евгений Жовтис: Саяси себеп. Құқық қорғау органдары туралы заңға сәйкес, әскери азаматтың немесе үшінші адамның денсаулығы мен өміріне қауіп төнген жағдайда ғана ескертусіз қару қолдануға болады. Шабуыл жасалған күннің өзінде оларды жайдан-жай атуға болмайды.

Қарапайым мысал келтірейін: жақында Бразилия парламентіне шабуыл жасалды. Қанша адам өлді? Адам өлімі болған жоқ! [Бразилияның бұрынғы көшбасшысы Жаир] Болсонарудың жақтастары үкімет ғимараты мен күзетшілерге шабуыл жасады. Полиция не істеді? Резеңке оқ атты, наразыларға қарсы тұруға тырысты, бірақ қару қолданбады. Қарапайым мысал. Әскери оқ адам өміріне шынымен қауіп төнгенде ғана қолданылады. Бұл туралы заңда да жазылған, әскерилерді осыған дайындап, арнайы оқытады.

Қаңтар оқиғасы кезінде өртенген көліктер. Алматы.

Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан әр адамның қандай жағдайда қайтыс болғанын анықтау керек деп әуелден айтып келе жатырмын. Оқты анықтап, сол арқылы кім атқанын табуға болады. Оқтардың бәрі тіркелген. Марқұмның қарумен келіп, әскерилердің өміріне қауіп төндіргені дәлелденсе, атқан адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Қалған жағдайдың бәрінде оқ атқандар жазалануға тиіс.

ТАРИХ БЕТІН АУДАРУҒА ТАЛПЫНЫС

Азаттық: Билік тарихтың бұл парағын тезірек жауып тастағысы келіп отырғандай көрінбей ме?

Евгений Жовтис: Дәл солай, билік өз сөзінен жаңылып отыр. Біресе "20 мың террорист", біресе "бандиттер", біресе билікті басып алғысы келген "астыртын сөз байласушылар" дейді. Әлемнің көп елінде осыған ұқсас оқиғалар болған. Мысалы, Латын Америкасында әлі күнге дейін тергеу жүріп, халыққа қарсы оқ атқан адамдарды бірнеше жылдан соң жауапқа тартып жатыр.

Өкінішке қарай, тарихтан сабақ алмаймыз. Мұны былай қалдыруға болмайды. Өйткені қылмыскерлерде не істесек те, жазаланбаймыз деген түсінік қалыптасады, ал қоғам әділдік жоқ деп түңіледі.

Азаттық: Жаппай тәртіпсіздік кезінде Тоқаев террористер шабуылдағанын, Алматы әуежайын Орталық Азиядан келген содырлар басып алғанын, Алматының іргесінде десантшылар мен террористер арасында кескілескен шайқас жүріп жатқанын айтты. Ол кезде интернет бұғатталып, телеарналар тек ресми ақпарат қана таратты. Қазақстанды үрей биледі. Қаңтар оқиғасы кезінде ақпарат тарату шектелмесе, құрбандар саны әлдеқайда аз болар ма еді? Әскерилер қарусыз адамдар мен көліктерге жаппай оқ жаудырмас па еді…

Евгений Жовтис: Жаппай тәртіпсіздік басталғанға дейінгі жағдайды қарап көрейік. Неге Маңғыстау облысында ештеңе өртеніп, бүлінген жоқ? Өйткені Маңғыстау облысы халықты таратуға тырыспады. Билік үш-төрт адамның басы қосылса, күш құрылымдарын шақырып, наразылықты басып тастауға үйренген. Құқық қорғау органдары бейбіт наразылармен алысқанша, жағдайды бақылап, ықтимал шабуылдарға дайындалуы керек еді.

Ұлттық қауіпсіздік қызметіндегі лауазымды тұлғалар тарапынан, әсіресе оңтүстікте саботаж болғанын жоққа шығармаймын.

Алматы әкімдігінің жанында не болды? Неге ешкім дайын болмады? Әкімдік алдына неге курсанттарды жіберіп, олардың қыршын қиылуына жол берді? Олар бұған қалай дайындалған? Күш құрылымдарының бір бөлігі жергілікті элитаны жақтап, бүлік шығарған күннің өзінде орталықтағылар қалай әрекет ету керегін білуі тиіс еді. Бұл Астананы басып алу мақсатындағы сөз байласу болмады. Бірақ Алматыда, Шымкентте, Талдықорғанда және Қызылордада, әрине, ұйымдасқан топтар қатысты. Жергілікті билік пен кландарға жақын, саяси жағдайға, Назарбаевтың биліктен кеткеніне көңілі толмайтын топтар болды деп ойлаймын.

Алғашқы қадамдар биліктің есеңгіреп қалғанын, өзара келісіп әрекет етпегенін, мұндай жағдайға дайын емесін көрсетті. Кейін жағдай ушығып, ақпараттың болмауынан халық үрейленіп, не болып жатқанын түсінбеді. Ұлттық қауіпсіздік қызметіндегі лауазымды тұлғалар тарапынан, әсіресе оңтүстікте саботаж болғанын жоққа шығармаймын. Бірақ бұл – болжам ғана.

Қаңтар оқиғасы кезінде өртеніп жатқан полиция көлігі. 5 қаңтар 2022 жыл.

Азаттық: Қазақстанда төтенше жағдай кезінде белсенділерді билікті сынаған жазбалары үшін "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша жауапқа тарту әдетке айналған. Қаңтарда Астананың өзі жалған ақпарат таратты. Биліктегілер бұл үшін жауапқа тартылуы керек пе?

Евгений Жовтис: "Заң алдында бәрі тең" деген фундаментал құқық принципіне сүйенсек, иә, жауапқа тартылуы керек. Бірақ біз Джордж Оруэлл сипаттаған "бәрі тең, бірақ кей адамдар теңірек" деген қағидамен өмір сүреміз. Сондықтан биліктегілер жалған ақпарат таратқаны үшін жауап береді дегенге сенбеймін.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЗЕРТТЕУ ЖҮРГІЗУГЕ ҮНДЕУ ЖӘНЕ БРИТАН КОМИССИЯСЫ

Азаттық: Ұлыбритания парламентінің мүшелері қосылған комиссияға Қаңтар оқиғасы бойынша талдау жүргізіп бердіңіз. Бұл қандай комиссия, оның мақсаты не? 16 қаңтарда сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров бұл комиссияны "жалған тәуелсіз" деп атады.

Евгений Жовтис: Комиссия былтыр қарашада құрылған. Оған Ұлыбритания парламентінің үш депутаты мүше. Бірақ бұл парламенттік комиссия (Ұлыбритания парламентінің ресми комиссиясы) емес. Комиссияға мүше лордтардың бірі — бұрынғы патша прокуроры. Бұл – мәртебе, білім және кәсіби біліктілікті көрсетеді. Комиссия құрамында бұрынғы тергеуші бар. Секретариат қызметін Ұлыбританияға аты белгілі адвокаттық фирма атқарып отыр. Мені комиссияға шақырып, Қаңтар оқиғасы туралы айтып беруімді сұрады. Комиссияны негізінен [тіркелмеген "Демократиялық партия" басшысы Жанболат] Мамайдың ісі қызықтырды. Олар Мамайдың ісіне назар аударып, тақырыпты кеңінен зерттеп, баяндама жазуға бел буған.

Үкімет совет одағының үлгісін қайталап, "Бұл ресми комиссия емес, оған назар аудармаймыз, олармен сөйлеспейміз" деп отыр. Бұл тура Ресейдің позициясына ұқсайды.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі сөздерді бұрмалап, шындықтан тайсақтап отыр. Қанша жерден "бұған назар аудармаймыз" десе де, баяндама шығады. Оған назар аудармай, комиссия мүшелерімен кездессе де, кездеспесе де, ақпарат бермесе де – биліктің өз еркі (қазақстандық шенеуніктер комиссия мүшелерімен жоспарланған кездесуден бас тартқан. — Ред.). Ақпарат беруден бас тартқан сайын, баяндама да ұзара береді. Ол бәрібір жарық көреді, бәрі осы баяндамаға сүйеніп, ақпарат жариялайды. Үкімет баяндама объективті болмайды деп алаңдаса, ақпарат берсін, Қаңтар оқиғасы мен Мамай ісіне (Белсендіге 2022 жылы 4 қаңтарда "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айып тағылған. Бұл күні Almaty Arena кешенінің маңына мыңдаған адам жиналып, қаланың ортасына бет алған. Мамай өзіне тағылған айыпты мойындаудан бас тартып, жаппай тәртіпсіздікке қатысы жоғын, істің саяси астары барын айтқан. Қазанда "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" айыбын жұмсартып, "бейбіт жиын ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзу" бабына ауыстырған. — Ред.) қатысты өз көзқарасын айтсын.

Үкімет Совет Одағының үлгісін қайталап, "Бұл ресми комиссия емес, оған назар аудармаймыз, олармен сөйлеспейміз" деп отыр. Бұл тура Ресейдің позициясына ұқсайды. 2012 жылы маусымда болған Болотная оқиғасы бойынша комиссия құрғанымызда, жүздеген сағат видеоларды көріп, сұхбат алып, телефонға түсірілген жазбаларды тексеріп, қанша ақпарат жинадық. Билікке ресми ақпарат берсеңіздер, оны да қосамыз дедік. Ресей билігі, оның ішінде Мәскеу мэриясы мен ішкі істер министрлігі ақпарат беруден бас тартты. Баяндамамызды интернеттен тауып оқысаңыз болады. Енді Ресей билігі не десе де, куәгерлер сөзі мен сілтемелер қамтылған баяндама бар. Біз оқиғаның хронологиясын жасап, адам құқықтарының сақталуы тұрғысынан баға бердік.

Азаттық: Астана халықаралық зерттеу жүргізу туралы ұсыныстан неге бас тартып отыр?

Евгений Жовтис: Астана тәуелсіз зерттеу саяси тұрғыдан тиімсіз деп санайды. 20 мың террорист табылмаса, демек бұл нұсқа жұмыс істемейді деген сөз. Кейін жаңа нұсқалар айтыла бастады. Қазір "астыртын сөз байласу" туралы айтылып жатыр. "Президенттің ту сыртынан пышақ ұрғандарды" жабық сот процестері арқылы түрмеге жауып тастайды. Ал қоғамның сұрақтары әдеттегідей жауапсыз қалады.

Қаңтардан кейінгі Алматы. 19 қаңтар 2022 жыл.

Демократиялы елдердің өзінде билік көбіне толық ашықтықты қамтамасыз ете алмайды. Бірақ бұл елдерде шындықты жасыру қиын, өйткені тәуелсіз ақпарат құралдары, парламенттік оппозиция, мықты азаматтық қоғам, пікірін ашық айтудан қорықпайтын адамдар бар.

Азаттық: Халықаралық ұйымдар, оның ішінде Human Rights Watch, Қаңтар оқиғасы да Жаңаөзен оқиғасы сияқты зерттелмей қалуы мүмкін деп алаңдаушылық білдіріп отыр. Олар биліктің ескі алгоритм бойынша әрекет етіп, қару қолданған әскерилерді ақтап, наразыларды айыптап жатқанын айтады. Шынымен Қаңтар оқиғасының ақ-қарасы ажыратылмай қалуы мүмкін бе?

Евгений Жовтис: 1986 жылғы [Желтоқсан оқиғасымен] параллель жүргізіп көрейік. Өйткені кімнің қандай бұйрық бергені, не болғаны, адамдар алаңға қалай шыққаны (біреулер өз қалауымен шықса, басқаларды ұйымдастырған топ болған) белгісіз. Бірақ шындық пен дәлелдер жоғалмайды, бәрібір қалады. Әдетте шындық өзіне ыңғайлы нұсқаны айтып келген адамдар биліктен кеткеннен кейін ашылады. Билік күш құрылымдары, сот жүйесі мен негізгі ақпарат құралдарын бақылауда ұстайтын авторитар елде шындықты жасыру оңай. 1986 жыл туралы да біраз ақпарат білдік, бірақ оқиға соңына дейін ашылған жоқ.

2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасына келсек... Халыққа қарсы оқ атуға қатысы бар адамдар әлі де билікте отыр немесе солармен байланысы бар. Сондықтан әзірге бұл парақты жауып тастауға тырысып жатыр. Бірақ қанша аударсаң да, қоғамның көңілі толмайды. Жаңаөзен оқиғасынан зардап шеккендер де әділдікке қол жеткізе алмады. Ерте ме, кеш пе, бұл тақырыпқа қайта ораламыз.

2011 жылы жүргізілген зерттеулерге көңіліміз толған жоқ. Үнемі бәрін Жаңаөзенмен салыстырамыз. Билік өзінше қадамдар жасауға тырысып жатыр, бірақ әзірге түбегейлі өзгерістер көріп отырған жоқпын. Бұл мәселені артық у-шусыз жауып, өздеріне тиімді көрінген өзгерістер енгізу талпынысына ұқсайды. Бәрі сол баяғы саяси жүйеде, бұрынғы бірлескен авторитар режимнің қатысуымен жүзеге асады. Қазіргі режим салмақты реформалар жүргізуге қабілетсіз. Саяси құралдар да өзгермеген: былтыр өткен президент сайлауы, биылғы мәжіліс сайлауының ұйымдастырылуы дәл бұрынғы сценарий бойынша жүріп жатыр.

Билік Жаңаөзен не Қаңтар оқиғасынан сабақ алды деп ойламаймын. Көп мәлімдеме жасалды, уәде берілді. Бірақ әзірге түбегейлі өзгерістер нышаны байқалмайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Республика алаңындағы қырғын. Билік Қанды қаңтар құрбандарының ісін құпия қылды