Зеленский бұйрықты орындамаған әскери қызметкерлерге жазаны күшейтті

Украина президенті Владимир Зеленский Бахмутқа сапары кезінде әскери қызметкерлерді марапаттап тұр.

Украина президенті Владимир Зеленский 24 қаңтарда соғыс кезінде әскери қызметкерлердің жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік беретін Қылмыстық кодекске енген түзетулерді мақұлдады.

13 қаңтарда құжатты Жоғарғы рада қабылдаған. Оны осыған дейін Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы Валерий Залужный да қолдаған.

Жаңа заң бойынша, бұдан былай командирге бағынбаған, бұйрықты орындамаған, командирге қоқан-лоқы немесе күш көрсеткен, өз бетімен шайқас алаңын немесе әскери бөлімді тастап кеткен немесе әскерден қашқан жауынгерге сот аз немесе шартты жаза бере алмайды.

Командирге бағынбағандарға 3-7 жыл аралығында түрме жазасы берілуі мүмкін. Құжатта әскерден қашқандарға 5-12 жыл, әскери бөлімді өз бетімен тастап кеткендерге 5-10 жыл түрме жазасы қарастырылған.

"Енді сот әскери қылмыстарды қараған кезде істің жай-жапсарын тексермей үкім шығара береді. Барлық әскери қызметкерге тек ұзақ мерзім беріледі" деді ЧЕСНО құқық қорғау ұйымының сарапшысы Виктория Олейник.

Осыған дейін құқық қорғаушылар Зеленскийді заң жобасын бекітпеуге үндеген. Олардың ойынша, түзетулер әскери қызметкерлердің құқықтарын едәуір шектейді. 2022 жылы желтоқсанда түзетулерге қарсы петицияға 25 мыңнан астам қол жиналған.

"Бір жылға жуық уақыт бойы ресейліктердің басқыншылығын тежеп, украин жерін азат етіп, сәтті операция жүргізген әскерге алғыс айтудың орнына майданнан алыста отырған командирмен сәл де болса келіспегеніміз үшін түрме жазасын аламыз" деп жазды петиция авторы Татьяна Костогрызенко.

Оның пікірінше, командирлер енді бұдан былай бопсалаудың теңдессіз тетіктеріне ие болады, кез келген сын үшін жауынгерді түрмеге жіберуге мүмкіндік алады.