Семейдегі қазандықтардың бірінде тағы апат болды

Семейдегі қазандықтардың бірі.

25 қаңтарда Абай облысының орталығы – Семей қаласындағы "Ғаббасов" қазандығында тағы апат болды.

– Сағат 10.40-та ток беру желісі үзіліп, үшінші қазандық жұмыс істемей қалды. Өте ескі жабдық, кезең-кезең бойынша қайта салып жатырмыз. Бұған дейін апат негізінен күл тазалау жүйесінде болатын, бұл жүйе қазандық істегеннен бері мүлде жаңартылмаған. Былтыр екінші және үшінші қазандықтың үстіңгі жылыту бөлігі жаңартылды, екі жыл бұрын бірінші қазандықтың сол бөлігі жаңартылды. Бірақ екі ай бұрын жоғарғы жағы тағы тамшылай бастады, – деді Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков.

"Ғаббасов" қазандығы Семейдегі 66 көпқабатты тұрғын үй мен 138 жеке үй, сонымен бірге алты мектеп, колледж, екі аурухананы жылытады. Қазандықтағы апаттан кейін білім мекемелерінде оқу сағаттары қысқартылған. Ақау кешке қарай жойылды.

Қала билігі қазандыққа алдағы уақытта ірі жөндеу жүргізілгеннен кейін апат болмауы керек дейді. Бірақ оның бюджеті 1,2 млрд теңгеден 1,7 млрд теңгеге дейін ұлғаюына байланысты мерзімі шегерілген. Соған байланысты жоба аудиторлық тексерістен өтуі керек.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің жетекшісі Дархан Сейітханов бюджеттің ұлғаюына жоба-сметалық құжаттама жасаған Алматыдағы "ҚазЭнергоӨнеркәсіп" институтының қатесі себеп деп түсіндірді.

Облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков мұны жоққа шығарады.

– Бұл дұрыс ақпарат емес. "Ғаббасов" қазандығының жоба-сметалық құжаттамасы 2021 жылы әзірленді. Ал ол кезде металл 100 пайыз қымбаттады. Сол себепті баға ұсыныстары сәйкес болмай қалды, осылайша материалдар бағасының өзгеруіне байланысты жобаға түзетулер енгізілді, бірақ жұмыс түрі өзгерген жоқ, – деді Гариков.

Қаланың орталық бөлігінде орналасқан қазандық биыл қыста бірнеше рет бұзылған. 23 қаңтарда апатқа байланысты қазандықтағы температура төмен түсіп кеткен. Соның салдарынан үш мектепте оқу онлайнға көшірілді. 10 желтоқсанда да апат болған.

Биыл қыста елдің түрлі аймағында жылыту жүйелері істен шығып, инфрақұрылымдар тозғанын және өзге де мәселелер барын аңғартты.

Қазақстанда жұмыс істеп тұрған 37 жылу орталығының 43 пайызының пайдаланылып жатқанына 60 жылдан асқан. Ең кейін іске қосылған Алматыдағы екінші жылу электр орталығының өзіне 33 жыл болған. Ал Алматыдағы тағы бір жылу орталығына және Балқаш пен Семейдегі орталықтарға екі жылдан соң 90 жыл болады.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, жылу электр орталықтарындағы жабдықтардың 66 пайызы тозып кеткен, жекелеген қалаларда бұл көрсеткіш 80-90 пайызға жетеді. Ресми мәлімет бойынша, жылу желілері орташа есеппен 53 пайыз тозған.