Таразда Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған 9 адамның сотында жарыссөз басталды

N2 Тараз қалалық соты. 26 қаңтар, 2023 жыл.

26 қаңтарда N2 Тараз қалалық сотында Қаңтар оқиғасына қатысты айыпталған тоғыз адамға қатысты процесте жарыссөз басталды. Сотқа тартылғандардың бесеуі – Тоқтар Ошақбай, Райс Рысбеков, Ержан Байжанов, Нұрсұлтан Қуатбаев пен Исатай Донбаев былтыр алаңда мерт болған.

Істі судья Бағлан Төребекұлы жүргізіп жатыр. 60-тан аса отырыстан кейін сот тергеу-талқылау кезеңі аяқталып, бейсенбі күні тараптар жарыссөзге көшкен.

"Тіл кеспек жоқ" Telegram-арнасының хабарлауынша, судья БАҚ өкілдерін сот залынан шығарып жіберген. Журналистер сотты басқа залдағы монитордан бақылауға мәжбүр.

Бұған дейін Қаңтарда жақындарынан айырылған тараздық ата-аналар Астанадағы бас прокуратураға барып, "Таразда өтіп жатқан соттағы әділетсіздіктерді" айтып, процесті тоқтатуды талап еткен. Олар тергеу органдарында қаза болған ұлдарының бүлікке қатысы барын дәлелдейтін айғақтар жоғын алға тартқан. Бас прокуратура олардың шағымына қатысты ресми түрде мәлімдеме жасамады.

Ресми дерек бойынша, Таразда Қаңтар оқиғасы кезінде 15 адам қаза тапқан. 1 желтоқсанда Жамбыл облысының жасөспірімдерге қатысты ауданаралық соты Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан Андрей Опушиевті "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деген айыппен кінәлі деп тапқан. Айыпталушы қаза тапқандықтан, сот оған жаза тағайындамаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "24 оқ ізі қалған". Асхат Бегешовтың отбасы марқұмды жазықты қылған билікке наразы