26 қаңтарда сенат отырысында сөз сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев алда мәжіліс сайлауы келе жатқанын атап өтіп, үміткерлерді "қоғамға іріткі салатын әрекеттен" аулақ болуға шақырды.
"Бірнеше аптадан кейін саяси науқан басталады. Кандидаттар үгіт-насихат жұмысына кіріседі. Олар дауыс жинау үшін түрлі тәсілді қолданады. Бұл – қалыпты демократиялық үдеріс. Қазақстанда пікір алуандығына ешқандай шектеу қойылмайды. Заңға қайшы келмейтін барлық іс-әрекетке рұқсат беріледі. Дегенмен бір нәрсені бәріміз қаперде ұстауымыз керек. Сайлау елді бөлетін емес, біріктіретін науқан болуы керек" деді Тоқаев.
Ол мәжіліс депутаттығынан үміткерлерге қарата:
"Үміткерлер қоғамға іріткі салатын әрекеттен аулақ болғаны жөн. Аңдамай айтылған артық сөз немесе ойланбай жасалған оқыс қадам бүкіл елдің болашағына кесірін тигізеді. Әрбір отандасымыз осыны дұрыс түсінуге тиіс" деді.
Тоқаев нақты қандай да бір ұйымды немесе адамның аты-жөнін атаған жоқ. Оның кімді немесе нені меңзегені белгісіз күйде қалды.
Қазақстанда мәжіліс және мәслихат сайлауы 19 наурызда өтеді. Сайлауға бюджеттен 33,4 млрд теңге бөлінетіні хабарланған.
Сайлау аралас партиялық-мажоритар жүйе бойынша өтеді. Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланады. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат депутаттары да аралас жүйе бойынша сайланады. Депутаттардың 50 пайызы бір мандатты жүйе арқылы, 50 пайызы партиялық тізім бойынша өтеді. Ал аудандық және облыстық маңызы бар қалалардағы мәслихат сайлауында азаматтар бір мандатты округтерден шыққан кандидаттарға дауыс береді.
Сарапшылар елде билікке шынайы бәсеке бола алатын тәуелсіз партиялар тіркеле алмай, "билікке адал" ұйымдар ғана тіркеуден өтіп жатқан шақта және белсенділерді қудалау күшейген тұста сайлау күні белгіленгенін алға тартады.
Осы аптада Алматыда белсенділердің бірқатары бірмандатты округ бойынша мәжіліс сайлауына түсуге құжат тапсырған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мәжіліс сайлауына жеті партия жіберілді, тағы екі жаңа партия тіркелуі мүмкін екені хабарланды