Ресей Украинаға басып кіргелі әйелдер де қолына қару алып, соғысқа араласты. Бұрын "ерлердің жұмысы" саналған әскери қызметте әйелдердің рөлі арта бастады. Бірақ "Ардагер әйелдер" қозғалысы басшысының орынбасары соғыс ұзаққа созылған сайын, әйелдер құқығына төнген қауіп те күшейгенін айтады.
Украинадағы ардагер әйелдер қозғалысының штаб пәтеріне келгендердің көзіне бірінші болып мәйіт салатын қапшыққа толған қораптар түседі.
Бұл қапшықтар Бахмутқа кетеді (Бахмут – Донецк облысындағы қала, онда бірнеше айдан бері Ресейге қарсы кескілескен шайқас жүріп жатыр). "Күнде осындай жұмыспен айналысамыз" дейді әскерилердің керек-жарағын түгендеуге жауапты Елена Харченко.
– Біздің ұйым әскери әйелдер мен ардагерлер құқығын қорғау үшін құрылған. Бірақ Ресей Украинаға басып кіргелі әскерді қолдауға жұмылдық, – дейді ұйым басшысының орынбасары Катерина Приймак.
Штабтың ұзын дәлізі әскери және гуманитарлық көмек жиналған бірнеше қоймаға, дрон өндіретін шеберханаға, қорғаныс торын тоқитын бөлме мен тігін цехына апарады. Мұнда жауынгер әйелдерге әскери форма тігіледі.
Харченконың айтуынша, мұның бәрі жауынгерлерге, бірінші кезекте, әйелдерге жіберіледі.
Қорғаныс министрінің орынбасары Ханна Малярдың дерегінше, 50 мың әйел соғысқа қатысып жатыр. Оның бес мыңы майданның алдыңғы шебінде жүр. Украина қарулы күштері әйелдер саны бойынша Еуропада алдыңғы орынға шыққан.
АРТИЛЛЕРИЯ БӨЛІМШЕСІН БАСҚАРАТЫН ӘЙЕЛ
Киевтің шығысына қарай 600 шақырым жердегі Донецк облысының Яцковка ауылында лейтенант Любовь Плаксюк кезекті ұрысқа дайындалып жатыр.
Плаксюк – Украина әскерінің артиллерия бөлімшесін басқарған алғашқы әйел. Ол 24 ақпаннан бері майданның қақ ортасында жүр. Ресей Украинаға басып кірген сәтте Плаксюктің бөлімшесі жау оғының астында қалған.
– Әскер саны да, қару-жарағы да басым, ойланбастан көзіне түскеннің бәрін атқылай беретін қарсыласпен соғысу қиын, – дейді Плаксюк.
Ол былтыр күзде Донецк облысындағы Лиман теміржолы мен басқа елді мекенді азат етуге қатысқан. Қазір Любовь артиллериялық барлау қызметіне жауап береді.
– Алысқа "барлаушы құсымызды" (дрон) жіберіп, жауды тауып, көзін жоямыз, – дейді әскери қызметкер күнделікті жұмысын сипаттап.
Плаксюк жеті жыл бұрын жұмыс істеп жүрген мектебі жабылып қалған соң, тарих пәнінің мұғалімі қызметін тастап, бала күнгі арманын орындау үшін әскерге барған. Ол кезде 20 жаста болатын.
– "Отан қорғау" деген қызмет бар. Қазір сонымен айналысып жүрмін, – дейді Плаксюк.
Любовьтің бөлімшесінде өзінен басқа бір ғана әйел бар. Ол әскерде адамның жынысы маңызды емесін, ерлер кәсібилігі үшін құрметтеп, бұйрығын бұлжытпай орындайтынын айтады.
– Әскерге барғым келіп, талпындым. Қазір өзім қалаған жерде жүрмін, – дейді ол.
"МҰНДАЙҒА ДАЙЫН БОЛМАДЫМ"
Батысқа қарай 1100 шақырым жерде Украина мен Польшаның шекарасындағы Устилуг қаласында 26 жастағы шекарашы Алина Панина спаниель иттің көмегімен кедендік тексеру жүргізіп жатыр.
Панина иттермен жұмыс істеуді, әскери форма киіп жүруді армандаған. Бірақ Плаксюктен бір өзгешелігі – соғыстың ортасында жүремін деп ойламаған.
– Мұндайға дайын болмадым, – дейді Алина.
Соғыс басталғанда Алина Ресейдің нысанасына айналған Азов теңізінің жағалауындағы Мариуполь қаласында болған. Ол теңіз портындағы жүктерді тексеріп жүрген.
Мариупольге Ресей зымырандары тигенде, Алинаға жауынгерлерді біріктіріп, қаладағы болат құятын "Азовмаш" зауытын қорғау, кейін қоршауға алынған "Азовсталь" зауытына қарай жылжу тапсырылған. Ресей әскері украиндердің қарсылық шеңберін бұзып жатқанда. Алина басқа әйелдермен бірге жауынгерлерді қолдап, тамақ істеп, жаралы азаматтардың күтіміне жұмылған.
– Олар бізді көргенде жүректеріне үміт ұялағанын айтты, – дейді Алина.
Мамырдың ортасында Панина жүздеген жауынгермен бірге бірнеше апта бойы "Азовсталь" зауытының жертөлесін паналаған. Кейін тұтқынға түсіп, 4,5 ай Ресейдің бақылауындағы атышулы Еленовка түрмесінде болған. Шілдеде Украина қарулы күштері түрмеге соққы жасап, салдарынан ондаған тұтқын қаза тапты.
Алина төрт адамға арналған камерада 28 әйелмен бірге адам төзгісіз жағдайда күн кешкен. Ол бәрінен де сыртқы әлеммен байланысы үзілгені ауыр тигенін айтады.
Панина қазанда өткен тұтқын алмасу процесі кезінде Украинаның жүзден астам жауынгер әйелімен бірге босатылған. Тұтқындарды көзін байлап, бірнеше күн бойы Ресей мен Қырым аумағы арқылы алып өтіп, Украинаға жеткізген.
Алинаның күйеуі де – әскери қызметкер. Ол қазір Ресейдің қолында тұтқында отыр.
– Бұрынғыдан да мықты әрі төзімді бола түстім. Жауынгер жолдастары қаза тапқанда ер азаматтар да жылайтынын көрдім, – дейді Алина.
Панина аздап тынығып, денсаулығын қалпына келтіріп алғаннан кейін әскерге оралған. Ол жеңісті жақындатуға қолынан келгенше үлес қосқысы келеді.
ҚҰҚЫҚТЫҚ ДИСКРИМИНАЦИЯМЕН КҮРЕС
Киевтегі "Ардагер әйелдер" ұйымының штаб-пәтерінде бірі еркек, бірі әйел Монк және Бамби есімді сарбаздар жүр. Олар майданға керек-жарақты алып кетуге келген.
Ұйым қызметкерлері оларға әйелдерге арналған жаңажылдық сыйлық, ауырсынуды басатын дәрі-дәрмек, аяздан қорғайтын крем, дымқыл майлық, презерватив пен дәке жинап берді. Харченко әр сөмкеге қолдан тоқылған қуыршақ жауынгерді салды.
– Украина адам сенгісіз қарқынмен алға жылжып келе жатыр. Ресей басқыншылығына қарсы тұра алатынымызды дәлелдедік. Бірақ тезірек жеңіске жету үшін бұл жеткіліксіз, – деді Приймак шулы кеңседегі орындығына шалқалай отырып.
Қазір Приймак бес жүз мүшесі бар үлкен ұйымды басқарады. 2014 жылғы Еуромайданнан кейін Кремльге адал Виктор Янукович биліктен кетіп, Ресей Донбасста соғыс бастағанда Приймак 21 жаста еді.
Бойжеткен ерікті медициналық батальонға жазылып, 11 ай бойы майдан шебінде фельдшер болып істеген.
– Күрескерлік мотивацияға жас пен жыныс әсер етпейді. Еуромайданнан кейін күреспесек, ар-ождан еркіндігінен, жеке ұлт болу құқығынан айырылатынымызды түсіндік, – дейді Приймак.
Катеринаның айтуынша, Донбасста соғыс басталғанда жемқорлық, адамға ең бірінші кезек заттардың тапшылығы мен басқа да мәселелерден қажыған Украина әскері әйелдердің майданда жүргенін жаратпаған.
– "Соғыс – әйелдер жүретін жер емес. Үйде бала бағып отырыңдар. Әйел өлсе, бүкіл әскердің рухы түсіп кетеді" деген сөздерді еститінбіз, – дейді Катерина.
Әлеуметтанушы Анна Квиттің айтуынша, Украинада 2018 жылға дейін әйелдерді жоғары әскери қызметке тағайындауға тыйым салатын заң болған. Сарапшы 2015 жылдан бері "Көрінбейтін батальон" құқық қорғау жобасымен бірге Украина әскеріндегі әйелдердің жайын зерттеп келеді.
Бұрын заңның кемшілігіне байланысты ерікті түрде әскерге барып, мерген, барлаушы, артиллерист болып майданға қатысқан әйелдердің өзін аспаз, тазалаушы немесе есепші ретінде тіркейтін.
Осындай құқықтық дискриминация салдарынан Донбасстағы соғысқа қатысқан көп әйел әлеуметтік және әскери жәрдемақыдан, әскери марапат пен қызметтегі өсуден қағылған.
– Азаматтық қоғамның көмегімен қазір бұл тыйымдар жойылды, бірақ шешілмеген мәселе әлі де көп. Украин әскерінде тоғыз жыл соғыстан кейін ғана әйелдерге арналған әскери форма беріле бастағаны бір жағынан "прогресті", екінші жағынан жауынгер әйелдер базалық инфрақұрылымның өзімен қамтылмағанын көрсетеді, – дейді Квит.
Украинаның Херсонды қайтарып алу үшін жасаған қарымта шабуылы кезінде екі апта бойы медбике болып істеген Катерина украин жауынгер әйелдеріне енді ғана назар аударыла бастағанын, бірақ соғыс қарқыны үдеген сайын, көнерген түсінік күшейіп, әйелдер құқығына әсер етіп жатқанын айтады.
– Соғыс – сынауға қиын кезең, бірақ сынайтын дүние көбейіп барады, – дейді ол.
АЗАПТЫ ЖОЛ
Квиттің айтуынша, әскердегі әйелдердің мәртебесі өзгере бастаған. Бірақ Украина заңдарында жыныстық бопсалауға нақты анықтама берілмеген және әлі күнге дейін онымен күресу процедуралары жоқ. Сондықтан фактілердің көбі ескерусіз қалады.
Украина құрлық әскері қолбасшысының гендер мәселелері бойынша кеңесшісі Оксана Григорьева соғыс басталғалы жыныстық бопсалау мен гендерлік дискриминация туралы екі шағым ғана түскенін мәлімдеді. "Майданда жыныстық бопсалау жоқ. Әскердегі әйелдер ер азаматтарға өздерін жақсы қырынан тануға көмектеседі", – дейді ол.
Григорьева, негізінен, Ресейден азат етілген өңірлердегі зорланған әйелдермен жұмыс істеп, жарақаттан кейінгі стреске тап болған, тұтқында болған жауынгерлерді оңалтумен, соғыста қаза тапқан әскерилердің отбасын қолдаумен айналысады.
– "Әскерде әйелге орын жоқ" деген түсінік – совет менталитетінің сарқыншағы. Әйелдер – қарулы күштердің кез келген деңгейі үшін таптырмас ресурс, – дейді Григорьева.
Катерина украин әйелдері өз құқығы үшін күреспесе, әскердегі қыз-келіншек саны аз болып, Украина күштері қазіргідей мықты болмас еді деп есептейді.
– Қоғам болып қалыптасып, даму үшін осынша азаптан өтуіміз керек шығар. Әйтпесе ұлт немесе мемлекет ретінде жойылып кетеміз, – дейді Катерина.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Өксік қысқанда, борщ пісіремін". Украин босқындардың Қазақстандағы өмірі