Қаңтар оқиғасына байланысты сотталып, рақымшылық заңы аясында жазасы қысқартылған Алматы облысы Есік қаласының екі тұрғыны 27 қаңтарда түрмеден босап шықты. Бұл туралы олардың адвокаты Жалғас Сапарханова хабарлады. Екі жігітті түрме алдынан туыстары күтіп алған.
Былтыр ақпанда Алматы соты Есік қаласының тұрғындары – 22 жастағы Бақыт Оңтай мен 22 жастағы Өжет Жеңісханды әрқайсысын бес жыл түрмеге кескен еді. Оларға "қару ұрлау" (291-бап, 3-бөлігі) бабы бойынша айып тағылды.
Адвокат Жалғас Сапарханованың айтуынша, былтыр сәуірде апелляциялық сот үкімді күшінде қалдырып, мамырда екі сотталушы Заречное елді мекеніндегі ЛА-155/14 мекемесіне жіберілген.
Жалғас Сапарханова Азаттыққа: "2022 жылғы қараша айында амнистия заңына сәйкес, екі жігітке берілген 60 айдың 45 айы қысқартылып, 15 ай қалған болатын. Олар 12 айын қарашада өтеп біткен еді. Жаза қысқартылғаны туралы қаулы 15 күннен соң, яғни желтоқсанның басында күшіне енді. Одан кейін олардың түрме жазасын шартты жазаға ауыстыру туралы өтініш хат мекеме басшылығына берілді. Содан кейін осы 11 қаңтарда мекеменің өтініші сотта қаралып, сот оны қанағаттандырды. Сол шешім бүгін заңды күшіне еніп отыр. Бүгін қаулы мекемеге келіп, жігіттер бостандыққа шықты" деді.
Оның айтуынша, енді екі жігіт жазаның қалған бөлігін шартты түрде бостандықта жүріп өтейді, яғни бір айдан астам уақыт пробациялық бақылауда болады.
Адвокат жіберген видео мен суреттерде туыстары Бақыт Оңтай мен Өжет Жеңісханды түрмеден күтіп алған сәті көрінеді.
Былтыр 2 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасына қатысушыларға амнистия жариялау туралы заңға қол қойған. Құжатқа сәйкес, 2022 жылдың 4-7 қаңтар күнгі "заңбұзушылықтарға қатысы бар" 1,5 мыңнан астам адам амнистияға ілігетіні хабарлаған. Құжат жеңіл және орташа ауыр қылмыс жасағандардың барлығын қылмыстық жауапкершіліктен толық босатуды, ауыр және ерекше ауыр қылмыс жасап, сонысын мойындағандардың жазасын қысқартуды қарастырады.
Былтыр осы заң қабылданатыны белгілі болған кезде кей құқық қорғаушылар мен белсенділер "заң Қаңтар оқиғасы кезінде бейбіт халыққа оқ атқан әскери қызметкерлерді, күш қолданған полицейлерге жазадан құтылуға көмектесуі мүмкін" деген қауіп айтқан. Ал билік мұны жоққа шығарған.
Жуырда бас прокуратура рақымшылық заңы бойынша ондаған адам түрмеден босап шыққанын хабарлаған. Ведомство былтыр күзде осы заң аясында Қаңтарға байланысты түрмеге қамалған кемінде 102 адам амнистиямен босап шығады деп мәлімдеген.
Кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасына байланысты сот процестері Қазақстанда әлі жүріп жатыр. Қантөгістен кейін елде мыңнан астам адам ұсталып, оларға көбіне "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік", "қару-жарақ ұрлау" баптары бойынша айып тағылған. Айыпталғандар арасында азаматтық белсенділер де бар. Бұған дейін кейбір айыпталушылар мен олардың туыстары тергеудің әділетсіздігіне шағымданған. Қаңтар кезінде қаза болған азаматтардың туыстары жақындарын ақтауды, оларға оқ атқандарды табуды талап еткен. Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін азапталған адамдардың басым бөлігінің шағымы қаралған жоқ. Ресми Астана оқиғаны тергеуге халықаралық сарапшыларды тарту туралы ұсыныстан бас тартқан.