Бішкек Астанаға қырғыз азаматтарының елде жүру шарттарын жеңілдетуді ұсынды

Қазақ-қырғыз шекара пункті.

Қырғызстан сыртқы істер министрлігі Астанаға қырғыз азаматтарының елде жүру шарттарын жеңілдету мәселесін қарастыруды ұсынды. Мұндай бастама 27 қаңтарда Қырғызстан сыртқы істер министрінің орынбасары Алмаз Иманғазиев пен Қазақстанның Қырғызстандағы елшісі Рәпіл Жошыбаевпен кездесуі кезінде айтылды.

Бішкектің хабарлауынша, кездесу қырғыз жағының бастамасымен өткен. Осы аптада Қазақстанға шетел азаматтарының кіруі мен елде жүру ережелері өзгерген еді.

"Иманғазиев бауырлас екі халық арасында енгізілген жаңа көші-қон ережелерінің теріс әсері болуы мүмкін деп алаңдаушылық білдірді. Бұл әсіресе қырғыз-шекарасынан тұрақты түрде өтеті жекелеген адамдар тобына қатысты. Мұндай топтарға жүргізушілер (жүк тасымалдаушылар, таксистер), құрылыс саласы, қоғамдық тамақтану орындарының жұмысшылары кіреді" деп жазылған Қырғызстан СІМ хабарламасында.

Қырғыз дипломаты бауырлас екі ел арасындағы "стратегиялық, мемлекетаралық одақтастықты, сонымен бірге екеуінің ЕАЭО-ға мүшелігін" ескере отырып, қырғыз азаматтарының Қазақстан аумағында жүруін жеңілдетуді ұсынған.

Ал елші Жошыбаев бұл мәселені Қырғызстан мен Қазақстанның құзырлы органдары арасында кездесу өткізіп талқылау керек деген.

27 қаңтардан бері Қазақстанда шетел азаматтарының елге кіруі мен жүру ережелері өзгерген. Жаңа өзгеріс ЕАЭО елдерінің азаматтарына да қатысты. "Визаран" деп аталатын жеңілдікпен жүру ережесі күшін жойған. Мұндай режим ЕАЭО-ға мүше ел азаматтарына Қазақстанда жүру мерзімі өткен соң, оны шекарадан қайта өтіп ұзартуға мүмкіндік берген. Бұдан былай олар жарты жыл ішінде 90 күнге дейін ғана бола алады. Сарапшылар жаңа ереже Ресейден тағы адамдар ағылуы мүмкін деген қауіп зорайған шақта енгізілгеніне назар аударады. Былтыр күзде Ресейде мобилизация жарияланып, азаматтарды Украинадағы соғысқа ала бастағаннан кейін жүздеген ресейлік Қазақстанға ағылған.

ЕАЭО-ға Ресей, Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан және Армения мүше.

Бішкектің мәліметінше, миллионнан астам қырғыз азаматы шетелде, негізінен, Ресейде уақытша тұрып, еңбек етіп жатыр. Қазақстанда Қырғызстаннан келген шамамен 30 мың еңбек мигранты бар деп айтылады.