4 ақпанда "Ауыл" партиясының кезектен тыс съезінде мәжіліс сайлауына түсетін кандидаттар тізімі бекітілді. Мәжіліс депутаттығына партиялық тізіммен 25, мажоритар жүйе бойынша тоғыз адам үміткер болады.
Кандидаттар арасында былтыр президент сайлауына "Ауыл" атынан түскен Жигули Дайрабаев, президенттікке "Кәсіби әлеуметтік жұмысшылардың ұлттық альянсы" бірлестігі атынан үміткер болған Қарақат Әбден, журналист Анна Данченко және өзге азаматтар бар. Партияның 600-ден астам мүшесі мәслихат сайлауына қатысады.
"Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы 2002 жылы ресми түрде тіркелген. Бірақ ешқашан мәжіліс құрамына енбеген. Партия жетекшісі Әли Бектаевтың айтуынша, саяси ұйым биыл үшінші рет парламент сайлауына қатысады. 2021 жылы қаңтар айындағы парламент сайлауында партия 5,29% дауыс алып, парламентке өте алмай қалған (ол кезде парламентке жеті пайыз дауыс алған партиялар ғана өткен, қазір бұл меже 5 пайызға дейін азайтылған). Елде парламенттегі көп орынды "Аманат" партиясы иеленіп келеді.
Қазақстанда мәжіліс (парламенттің төменгі палатасы) пен мәслихат сайлауы 19 наурызда өтеді. Кандидаттарды ұсыну мен тіркеу 18 ақпанда аяқталады.
Сайлау заңына енген өзгерістерге сәйкес, мәжілістің 69 депутаты партиялық тізіммен, 29-ы бірмандатты аумақтық сайлау округі бойынша сайланады. Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен ел астанасы мәслихаттарының 50 пайызы мажоритар жүйемен, 50 пайызы партиялық тізіммен сайланады.
Қазақстанның және шетелдің құқық қорғаушылары елде азаматтардың саяси құқықтары көп шектелетінін, партиялық жүйе демократия ережелеріне сай емесін айтып, жиі сынайды. Саяси оппозиция өкілдері парламентте билікке шынайы қарсылас бірде-бір саяси күш жоқ деп есептейді және шынайы оппозициялық партиялар ресми тіркеуден өте алмай отырғанын айтады.
Бұған дейін "Ақ жол" мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, "Байтақ" съезд өткізіп, сайлауға қатысатынын мәлімдеген.