Дүйсенбіде Тбилиси соты Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвилидің денсаулығына байланысты мерзімінен бұрын босату немесе үкімді өтеуді кейінге қалдыру туралы арызын қарап, қанағаттандырмады. Бұл туралы Азаттықтың Грузин қызметі хабарлады. Бұған дейін Саакашвилидің адвокаттары оның реанимацияда жатқанын айтқан. Бұрынғы президенттің жақтастары оны түрмеде улаған деп есептейді.
"Қызметін асыра пайдаланды" деген айыппен Михаил Саакашвили 2021 жылы алты жылға бас бостандығынан айырылған. Былтырғы мамыр айында саясаткердің денсаулығы күрт нашарлаған. 12 мамырдан бері жеке клиникада, күзет бақылауында жатыр. 30 қаңтарда Саакашвилидің баспасөз хатшысы Георгий Чаладзе оны реанимация бөліміне ауыстырғанын хабарлаған, бірақ клиника директоры бұл ақпаратты растамаған.
Михаил Саакашвили командасының хабарына қарағанда, бұрынғы президент сот шешімін "өзіне кесілген өлім жазасы" деп атаған.
Бұған дейін Саакашвили "Грузия билігі өзін Сергей Магнитский сияқты өлтіргісі келетінін" мәлімдеген. Ол белгілі қаржыгер Уильям Браудерге өтініш жасап, жергілікті құқық қорғаушылардың Саакашвили өлмей тұрғанда-ақ "жаңа Магнитский тізімін" жасауына көмектесуді сұраған. Осыдан соң Браудер грузин саясаткерін улауға қатысуы болуы мүмкін саясаткерлердің тізімін Саакашвилидің адвокаттарынан сұраған.
Қаңтардың басынан бері Грузияда және тағы 20-ға жуық елде Саакашвилиді қолдауға арналған пикет өткен. Шерушілер саясаткерді босатып, оның Еуропа одағында емделуіне мүмкіндік беруді талап еткен. Кейбір белсенділер Грузияның қазіргі билігі Саакавшилидің өлгенін күтіп отыр деп айыптаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Саакашвили аштық жариялап, бірнеше сағаттан соң тоқтатты ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Саакашвили: Әскерден қашқан ресейліктер Грузияға демографиялық қауіп төндіреді