Өзбекстан Нөкіс оқиғасы бойынша сотталған, Қарақалпақстанның алғашқы президентінің ұлы Полат Шәмшетовтің ісін тексеріп жатыр.
Полат Шәмшетов Бұхарадағы тергеу изоляторында 4 ақпан күні қайтыс болған. Бұхара прокуратурасы өлім себебін тексеруге кіріскенін мәлімдеп, Өзбекстан бас прокуратурасы сот-медицина сараптамасы қорытындысын жариялаған. Сараптамада марқұмның өкпе артериясында түйін пайда болып, жүрек талмасынан өлгені көрсетілген.
Былтыр шілденің басында Қарақалпақстанда болған оқиғаны зерттеу жөнінде билік құрған комиссия өлім себебін зерттейтінін, уақытша изолятордың жағдайын, видеобақылау жазбаларын қарап, өзге де құжаттармен танысатынын мәлімдеді. Комиссия марқұммен бір камерада отырған адаммен де, тергеу изоляторының қызметкерлерімен де сөйлеспек.
Қарақалпақстан ішкі істер министрлігі қылмыстық іздестіру бөлімінің бұрынғы бастығы Полат Шәмшетов былтыр шілденің басында қамалған. Оған "жаппай тәртіпсіздікке шақырды, өзі де белсене қатысты" деген айып тағылған. 31 қаңтарда Бұхара соты оны "жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды" деп есептеп, алты жылға бостандығынан айырған.
31 қаңтарда сот Нөкіс оқиғасы бойынша айыпталған 22 адамға үкім шығарған. Оның ішінде Қарақалпақстанның тұңғыш президенті Дәулетбай Шәмшетовтің жалғыз ұлы Полат Шәмшетов те бар. Төрт адам шартты жазаға тартылып, бостандығы шектелген. Өзбекстан билігі "билікті басып алу және конституциялық құрылысты төңкеру мақсатында Нөкіс оқиғасын ұйымдастырған негізгі адам" деп есептеген Дәулетмұрат Тәжмұратовты 16 жылға бас бостандығынан айырған. Қалғандары сегіз жылға дейін сотталған.
Қарақалпақ ұлтының белсендісі Ақылбек Мұратовтың "Настоящее Времяға" айтуынша, Полат Шәмшетов Нөкістегі митингіні күштеп басу кезінде қару қолданды ма, жоқ па деген мәселе бойынша маңызды куәгер саналады.
Былтыр Өзбекстан жаңа конституциясының жобасын жариялап, Қарақалпақстанның егемендік мәртебесі мен Өзбекстан құрамынан шығу құқығы туралы бұрынғы конституциядағы баптарды алып тастаған. Осыдан соң шілденің басында Нөкісте қарақалпақ халқы наразылыққа шыққан.
Өзбек билігінің ақпаратына қарағанда, шілденің 1-2-сінде Нөкісте болған оқиға кезінде 21 адам өліп, 243 адам жараланған. Оның ішінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері де бар. Осы оқиғаға байланысты 500 адам қамауға алынған.
Нөкістегі жаппай наразылықтан кейін Ташкент жаңа конституциядан Қарақалпақстанға қатысы бар өзгерістерді қайтарып алған. Өзбек билігі "Нөкіс оқиғасына сыртқы күштер ықпал етті" деп мәлімдеген. Халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы "Нөкіс оқиғасында құқық қорғау органдары бейбіт адамдарға шектен тыс күш қолданды, соның салдарынан көптеген адам өліп, ауыр жараланды" деп мәлімдеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қарақалпақстан жұрты республиканы "егемен" статусынан айыруға қарсы шықты ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Көз алдымда кеудесі қақ бөлінді". Нөкістегі шеру мен қантөгісті көрген адамның әңгімесі