Ulysmedia.kz сайтының бас редакторы Самал Ибраева редакция кеңсесіне белгісіз біреулер балаларының суреті мен мал еті салынған қорап беріп жібергенін хабарлады.
Самал Ибраева Азаттыққа қораптың сәрсенбі, 8 ақпанда кеңсеге келгенін, ішін ашқан кезде жоғарыда аталған заттар шыққанын айтты. Ибраева оқиғаны "редакцияға жасалған қоқан-лоқы" деп бағалады.
"Президент тапсырма берсе де, маған жасалып жатқан қысымның артында кім тұрғаны анықталған жоқ. Осыған дейін қаншама қысым көрдім" деді Самал Ибраева Азаттыққа.
Ибраеваның Азаттыққа жіберген суретінде етпен бірге балалардың фотосуреті жатқаны көрінеді. Сәрсенбі түстен кейін редакцияға полицейлер келіп, заттардан саусақ іздерін алған. Ибраева қорапты редакцияға кім жібергенін анықтауды сұрап, полицияға шағым жазған.
Полиция Азаттық тілшісіне саусақ ізі алынып жатқан қорапты түсіруге тыйым салды.
18 қаңтарда Ulysmedia.kz сайты бұзылып, сайттың алғашқы бетіне бас редактор Самал Ибраеваның жеке деректері жарияланып кеткен еді. Жарияланған деректер арасында Ибраеваның отбасының суреттері, төлқұжаттары бар. Ибраева бұл әрекеттің журналистік қызметіме қатысы бар дейді. Сайт жабылып, ізінше ашылған. Ибраева полицияға арыз жазған.
Елде журналистерге шабуыл жиілеген шақта 20 қаңтарда Тоқаев "құқық қорғау органдарына журналистерге қарсы бағытталған бірқатар қылмыс бойынша мұқият тергеу жүргізуді тапсырған".
"Әділ сөз" баспасөз еркіндігін қорғау ұйымының мәліметінше, 2023 жылдың алғашқы айы өтпей жатып, Қазақстанда журналистерге бес рет шабуыл жасалған.
Қаңтардың ортасында былтыр Қаңтардағы азаптаулар туралы ақпарат таратып жүрген журналист Динара Егеубаева белгісіз біреулер көлігіне от қойғанын хабарлаған. Ізінше полиция күдікті ретінде бес жасөспірім ұсталғанын хабарлады.
- "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымының "Сөз бостандығы индексінде" Қазақстан 180 елдің арасында 122-орында тұр. Елде сөз бостандығына қатысты ахуал күрделі деп бағаланады.
- Ашық ресурстардағы мәлімет бойынша, ULYS MEDIA GROUP ЖШС 2021 жылы тамызда тіркелген. Сайттың ашылғанына 1,5 жылдан асқан. Самал Ибраева бұған дейін сайтты өзі қаржыландыратынын, демеушілері барын да жеткізген. Бірақ олардың аты-жөнін атамады.