Өзбекстанда Нөкіс оқиғасына байланысты күш құрылымдарының үш қызметкері қамауға алынды

Өзбекстан президенті Қарақалпақстанға сапарлаған шақта жолды күзетіп тұрған сақшылар. Қарақалпақстан, шілде, 2023 жыл.

Қарақалпақстанда былтыр жаздағы қантөгіске байланысты үш офицер ұсталды. Оларға нақты қандай баптар бойынша айып тағылғаны айтылмайды.

Өзбекстан бас прокуратурасының хабарлауынша, қазір қылмыстық істерге қатысты тергеу жүріп жатыр.

"Тергеу нәтижесі бойынша қылмыстық істер сотқа жолданады" деп жазылған мекеме таратқан мәліметте.

Бұған дейін хабарланғандай, Өзбекстан парламентінің Нөкістегі оқиғаны зерттеуге қатысты құрған "тәуелсіз комиссиясы" (бұған дейін кейбір бесенділер комиссияның "тәуелсіздігіне" күмәнданған) бас прокуратураға Қарақалпақстандағы оқиғаларға байланысты қоғамды алаңдататын бірнеше сауал жолдаған.

Комиссия үндеуінде "Өз міндетін орындаудан ауытқып, жаппай тәртіпсіздік пен кінәлілерді ұстау кезінде шамадан тыс күш қолданған құқық қорғау органдарының қызметкерлері қылмыстық жауапқа тартыла ма?" деген сауал болған.

Бұл сұраққа бас прокуратура өкілі милиция қызметкерлерінің қару мен арнайы құралдар қолдануы бөлек қылмыстық іс аясында қаралып жатыр деп мәлімдеген. Негізсіз күш қолданылғаны дәлелденсе, онда іс ашық сотта қаралады.

Мұның алдында АҚШ, Еуроодақ, БҰҰ және басқа да халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымдары Өзбекстан билігін Қарақалпақстандағы оқиғаны ашық әрі әділ тергеуге үндеген.

Нөкіс оқиғасы бойынша алғашқы сот процесі 31 қаңтарда Бұхарада аяқталып, үкім жарияланды. Басты күдікті саналған Дәулетмұрат Тәжімұратов 16 жылға сотталды, қалған 17 адам үш жыл мен 8,5 жыл аралығында жаза алды, ал төрт адам сот залында босатылды.

Ресми мәлімет бойынша, былтыр шілдеде болған Нөкіс оқиғасы кезінде 21 адам қаза болып, 243 адам жараланды. Көтеріліс күшпен басылды, бірақ өзбек билігі ереуілге шыққандарға оқ атылды дегенді жоққа шығарып отыр.

Видео: Қарақалпақстандағы наразылыққа байланысты 22 адамға үкім шықты (1 ақпан, 2023 жыл).

Your browser doesn’t support HTML5

Қарақалпақстандағы наразылыққа байланысты 22 адамға үкім шықты