Қазақстан құтқару қызметі Түркияның Хатай провинциясында үйінді астынан екінші қазақстандықтың денесін шығарды. Бұл туралы Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Түркияда жер сілкінісі кезінде Қазақстанның үш азаматы жоғалып кеткен. Хатай провинциясында екі күн бұрын құтқарушылар қираған үй астынан қазақстандық Сәбина Мамадиярованы тірі алып шыққан.
9 ақпанда түнде Әділ Қадырбековтің денесі шығарылды. Ақпаратқа қарағанда, ол зілзала болған сәтте қаза тапқан. Бірнеше сағаттан соң құтқарушылар үйінді астынан қазақстандық Мирболат Құрмашевтың денесін тапты.
6 ақпанда таңертең Түркияның оңтүстігінде болған жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны сағат сайын артып барады. Кейінгі мәліметке қарағанда, Түркия мен Сирияда 19 мыңнан астам адам опат болған.