Ресей Қытай, Қазақстан, Польша және Литвамен шекарадағы өткізу пунктерінде адамның бет-жүзін танитын жүйе орнатады. Бұл жөнінде мемлекеттік сатып алу құжаттарына сүйенген "Полигон.медиа" хабарлады.
Аталған технология Ресей мен Қытай шекарасындағы "Забайкальск", "Пограничный" және "Краскино" пункттерінде, Ресей мен Қазақстан шекарасындағы "Маштаково", "Орск" және "Сагарчин" пункттерінде және Калининград облысындағы пункттерге ("Багратионовск", "Мамоново" и "Чернышевское") орнатылады.
Техникалық міндеттемелерінде жүйе жүргізушілерді анықтау үшін "адамның кескініне бірден анализ жасауы" керек деп жазылған. Бұл –жүргізушілерді елге кірген кезде және шыққан кезде салыстыру үшін қажет.
Жүйе сонымен бірге жүргізушінің бет-жүзін "биометриялық дерек қорындағы" барлық мәліметпен салыстыра білуі керек. Мәселе қандай қор жөнінде болып отырғаны құжатта нақтыланбаған.
Жабдық 2023 жылдың 25 қарашасына дейін жеткізілуі керек. Тапсырыс беруші "Ресей шекаралары нысандарын салу және пайдалану басқармасы" жабдықты 830 млн рубльге сатып алады.
Бұған дейін мемлекеттік дума жүк көлік жүргізушілерін Ресей шекарасын кесіп өту үшін алдын ала мерзімі мен уақытын белгілеуге міндеттейтін заң жобасын мақұлдаған. Заң 1 қыркүйекте күшіне енеді. Бұл ереже ресейліктер мен шетел азаматтарына да қатысты. Процедура тегін деп айтылады. Оны электрон тасымал құжаттарының мемлекеттік ақпараттық жүйесінен немесе "Мемлекеттік қызмет" порталы арқылы рәсімдеуге болады.
Заң жобасы қоғамда резонанс тудырған. Дума өкілдері құжат тек жүк көліктеріне қатысты екенін айтқан.