Хабаровск өлкесінің бұрынғы губернаторы Сергей Фургал 22 жыл түрмеге жабылды

Сергей Фургал.

Ресейдің Хабаровск өлкесінің бұрынғы губернаторы Сергей Фургалға 22 жыл түрме жазасы кесілді. Сот оны "тапсырыспен адам өлтіруді ұйымдастырды" деп таныды. Фургал тағылған айыпты мойындамайды, өзін саяси себеппен қудалап отыр деп есептейді.

Сот үкімі Люберцы қаласының Мәскеу облыстық сотында оқылды. Сот алқасы Фургалды бизнес бойынша үш бәсекелесіне қастандық ұйымдастырды деп таныды.

Фургалға тағылған айыптың бірі 2004 жылы үйінің маңында кәсіпкер Евгений Зоридің кісі қолынан өлгеніне байланысты. Тергеу органдарының болжамынша, Зори мен Фургал сол кезде бір ғимаратқа таласқан. 2004 жылы Фургал бұл іс бойынша күдікке ілініп, ұсталған, кейін босатылған еді.

Фургалды тергеу органдары сонымен бірге 2005 жылы үйінің маңында оқ тиіп өлген бизнестегі әріптесі Олег Булатовқа қастандық ұйымдастырды деп те айыптады. Тергеу органдарының болжамынша, кәсіпкер Фургалға металл қалдықтарын ыңғайлы бағаға сатуға келіспей, ізінше оны бопсалауға тырысқан.

Фургал тағылған айыптарды мойындамай, істің саяси астары барын айтқан. 10 ақпанда сот үкіміне қатысты пікір білдірген Фургал сот залында "Ұят!" деп айқайлаған.

Хабаровск өлкесінің бұрынғы басшысы "қылмыстық топ құрды" және "алаяқтық жасады" деген күдікке де ілініп отыр. Бұл істер жеке қаралады. Ол бойынша 25 жыл түрме жазасы қаупі төніп тұр.

Фургалдың бұрынғы көмекшісі Андрей Кареповті сот 21 жылға бас бостандығынан айырды. "Зори мен Булатовты өлтірді" деп айыпталған Андрей Палей 17 жылға, "кәсіпкер Александр Смольскийге қастандық жасады" деп айыпталған Марат Қадыров 9,5 жылға сотталды деп жазды "Сибирь.Реалии" сайты.

  • Хабаровск өлкесінің губернаторы Сергей Фургал 2020 жылы шілдеде қамауға алынған. Ол 2018 жылғы губернаторлар сайлауында жеңіске жеткен. Ол сайлауда Кремль кандидаты Вячеслав Шпроттан озған.
  • Губернатор қамалған соң, Хабаровск өлкесінің халқы көп уақыт қарсылық білдіріп, үздіксіз митингіге шыққан еді. Олар істі әділетті жүргізуге және Мәскеуді Ресейдің Қиыр Шығысына құрметпен қарауға үндеген.