Ресейде "Еркін Бурятия" қорының жетекшісіне іздеу жарияланды

"Еркін Бурятия" қорының негізін қалаушы Александра Гармажапова.

Ресейлік журналист, "Еркін Бурятия" қорының негізін қалаушы Александра Гармажаповаға қылмыстық іс бойынша іздеу жарияланды. Гармажапованың карточкасы ІІМ базасында тұр деп жазды "Медиазона".

Қандай бап бойынша қылмыстық іс қозғалғаны әзірге белгісіз.

"Еркін Бурятия" қоры Ресейдің Украинаға соғыс ашқанын сынап, Бурятиядан шыққан әскери қызметкерлерге құқығын қорғауға және соғыс аймағынан оралуға көмектеседі деп жазды "Сибирь.Реалии" сайты.

Қор сонымен бірге отарсыздандыруды, Ресейде тұрып жатқан барлық халықтың құқығын қорғауды және орталықтанбаған билік болғаны дұрыс екенін қолдайды.

Гармажапова"Медиазона" басылымына өзінің үстінен "орыс армиясының беделіне нұқсан келтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалуы мүмкін екенін айтқан. Оның сөзінше, мұны бұған дейін Telegram-дағы кремльшіл "Империя правды" арнасы жазған.

2022 жылы күзде Александра Гармажапова "шетел агенті" тізіміне енгізілген. Оған дейін Роскомнадзор "Еркін Бурятия" сайтын жапқан.

Telegram-дағы SOTA арнасы Ресейде "шетел агенті" деп "танылған" Гармажапова шетелде жүр деп жазды.

Ресей ақпарат құралдарының хабарлауынша, "Еркін Бурятия" қорының басшысы былтыр әріптестерімен бірге буряттардың Қазақстанға кетуіне және сол елге бейімделуіне көмектескен.