Бішкек соты Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың шетелде емделуіне рұқсат берді

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев.

Бішкек қаласының Первомай аудандық соты Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың шетелде емделуіне рұқсат берген. Бұл туралы Азатықтың Қырғыз редакциясы хабарлады.

Атамбаевты түзеу лагерінен босатқанын Қырғызстанның социал-демократтар партиясының төрағасы Темірлан Сұлтанбеков растады. Оның сөзінше, "бұрынғы президентке өмірлік маңызы бар екі операция жасалуы керек, одан кейін емдеу-сауықтыру курсынан өтуге тиіс".

13 ақпанда Қырғызстан Жоғарғы сотының сот алқасы жабық отырыс өткізіп, Алмазбек Атамбаев ісін қайта қарауға жіберу жөнінде шешім қабылдаған.

Сот алқасының қаулысында бұрынғы президент адвокаттарының "жаңадан мәлім болған жағдайларға байланысты қылмыстық істі қайта қарау туралы" ұсынысы қанағаттандырылғаны айтылған.

Сот алқасы Атамбаев жөнінде Жоғарғы соттың 2021 жылғы 12 қазанда және 2022 жылғы 15 наурызда қабылданған қаулыларының күшін жойған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Атамбаевтың алты жылы

Былтыр маусым айында Бішкек соты Алмазбек Атамбаев пен 2020 жылғы қазандағы жаппай тәртіпсіздіктер бойынша жауапқа тартылған өзге де адамдар ісінде "қылмыстық әрекет жоқ" деп, оларды ақтаған. Атамбаев сот процесін "циркке" теңеп, оған әрі қарай қатысудан бас тартқан, "соңғы сөзді бостандыққа шыққан соң айтатынын" мәлімдеген.

Қырғызстанның бұрынғы президенті қылмыстық әлемде танымал "Әзиз Батукаевты түрмеден заңсыз босатты" деген айыппен қамауға алынған. 2020 жылғы 23 маусымда 11 жылға сотталып, мүлкі тәркіленген.

2020 жылы 5 қазанда парламент сайлауының нәтижесі жарияланған соң жаппай митинг басталып, соңы дүрбелеңге ұласқан. Наразылар Қырғызстан парламенті мен президентінің ғимаратын басып алған соң ұлттық қауіпсіздік комитетінің мемлекеттік тергеу комитетінің ғимаратына беттеген. Комитет төрағасымен келіссөзден кейін Атамбаев босатылған. Ол бірнеше күн өткен соң қайта тұтқындалды.

Алмазбек Атамбаев 2011-2017 жылдар аралығында Қырғызстан президенті болды. 2019 жылы Қырғызстан парламенті оны "бұрынғы президент" мәртебесінен айырған.

Your browser doesn’t support HTML5

Атамбаев "Назарбаевтың маңайы" туралы айтты