Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев емделу үшін 15 ақпанда Испанияға ұшып кетті. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметіне Жогорку кеңеш экс-депутаты Әсел Кодуранова хабарлады.
Оның айтуынша, экс-президент емделген соң Қырғызстанға оралады.
"Испанияда қанша уақыт болатынын әзірге білмейміз, себебі түрмеде 3,5 жыл отырған уақытта оның денсаулығы сыр берді. Оған ота жасалуы да мүмкін. Бірақ ол міндетті түрде Қырғызстанға оралады" деді Кодуранова.
13 ақпанда Жоғарғы сот жабық отырыста бұрынғы президент адвокаттарының жаңа деректер қосылуына байланысты қылмыстық істі қайта қарау жөніндегі өтінішін қанағаттандырды. Құжатта Жоғарғы соттың Атамбаевқа қатысты 2021 жылғы 12 қазандағы, 2022 жылғы 15 наурыздағы шешімдері жойылғаны айтылған.
Бұған қоса, 14 ақпанда Бішкек қаласы Бірінші май аудандық соты Алмазбек Атамбаевқа шетелге шығуға рұқсат берді. Осылайша бұрынғы президент колониядан босап шықты.
Былтыр маусым айында Бішкек соты Алмазбек Атамбаев пен 2020 жылғы қазандағы жаппай тәртіпсіздіктер бойынша жауапқа тартылған өзге де адамдар ісінде "қылмыстық әрекет жоқ" деп, оларды ақтаған. Атамбаев сот процесін "циркке" теңеп, оған әрі қарай қатысудан бас тартқан, "соңғы сөзді бостандыққа шыққан соң айтатынын" мәлімдеген.
Қырғызстанның бұрынғы президенті қылмыстық әлемде танымал "Әзиз Батукаевты түрмеден заңсыз босатты" деген айыппен қамауға алынған. 2020 жылғы 23 маусымда 11 жылға сотталып, мүлкі тәркіленген.
2020 жылы 5 қазанда парламент сайлауының нәтижесі жарияланған соң жаппай митинг басталып, соңы дүрбелеңге ұласқан. Наразылар Қырғызстан парламенті мен президентінің ғимаратын басып алып, ұлттық қауіпсіздік комитетінің мемлекеттік тергеу комитетінің ғимаратына беттеген. Комитет төрағасымен келіссөзден кейін Атамбаев босатылған. Ол бірнеше күн өткен соң қайта тұтқындалды.
Алмазбек Атамбаев 2011-2017 жылдар аралығында Қырғызстан президенті болды. 2019 жылы Қырғызстан парламенті оны "бұрынғы президент" мәртебесінен айырған.