Ресей түнде Украинаға зымыранмен соққы жасады

Украин мамандары ресейлік Х-22 "әуе-құрлық" санатына жататын қанатты зымыранды кесіп жатыр.

Ресей әскері 16 ақпанға қараған түні Украинаға зымыранмен жаппай шабуыл жасады.

Украина әскери-әуе күштерінің хабарлауынша, Ресей ұшақтары мен кемелері 32 қанатты зымыран жіберген, 14-і атып түсірілген.

"Х-22 қанатты зымырандарының бір бөлігі нысанаға жетіп, маңызды инфрақұрылым нысандарын қиратты. Қазір ракетаның бұл түрін жоя алатын қару жоқ" деп жазылған хабарламада.

Соққы салдарынан Днепропетровск облысының Павлоград қаласында 79 жастағы әйел қаза болды деп хабарлады жергілікті билік. Жеті адам жараланған, екеуі ауруханаға жатқызылған. Бірнеше тұрғын үй қираған, өнеркәсіп орны бүлінген.

"Павлоградта түнде сұмдық болды. Түнгі сағат 3-те жұрт шырт ұйқыда жатқан шақта жау зымыранмен қалаға соққы жасады" деп жазылған Днепропетровск облысы әкімшілігінің жетекшісі Сергей Лысактың хабарламасында.

Полтава, Львов және Кировоград облысына соққы жасалғаны да хабарланды. Львов облысының билігі инфрақұрылым нысандары қирағанын хабарлады.

Украина президенті кеңсесінің жетекшісі Андрей Ермак Ресей барлау жүргізіп, жалған нысаналарды пайдаланып, ракета шабуылын жасау тактикасын өзгертіп жатыр деді.

Ресей қорғаныс министрлігі оқиғаға түсініктеме берген жоқ.

Бұған дейін Украинаға ірі ракета шабуылы 10 ақпанда жасалған. Сол кезде Украина қарулы күштері Ресей әскері бір күнде 106 ракета жаудырды деп мәлімдеген.

Ресей аннексиялап алған Севастопольде Мәскеу тағайындаған губернатор 16 ақпанда қаланың маңында бірнеше украин дроны атып түсірілгенін айтты. Украин жағы ақпаратқа түсініктеме бермеді.