Күзден бері жылу электр орталығы "апат жағдайында" жұмыс істеп келе жатқан Риддерде шамамен үш ай бұрын енгізілген техногенді сипаттағы төтенше жағдай режимі жойылады. Бұл жөнінде 16 ақпанда Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Instagram-дағы парақшасында жазды. Ал тұрғындар үйлерде жылу температурасы "әлі де төмен" екенін айтып отыр.
ШҚО әкімі Даниал Ахметов 16 ақпанда Instagram-дағы парақшасында Риддерде төтенше жағдайды алып тастау туралы бұйрық бергенін хабарлады.
"Қазір жылу электр орталығы ақаусыз істеп жатыр. Соған байланысты Риддер әкіміне жергілікті деңгейде жарияланған техногенді сипаттағы төтенше жағдай режимін алып тастау туралы бұйрық бердім" деп жазды Ахметов. Бірақ онда төтенше жағдай қашаннан бастап алынғаны немесе алынатыны айтылмайды.
Бұған дейін Риддер ЖЭО-да апат қайталана бергеннен кейін оның иесі ауысқаны хабарланған еді.
"Жылу электр орталығының жаңа иелері төртінші және бесінші қазандыққа, резервтік көмір беру трактісіне және өрттен зардап шеккен орталық ғимаратына ерекше назар аударуы шарт" деп жазды әкім бейсенбі күні.
Ал тұрғындар қақаған қыста әлі тоңып отырғанын айтады. Қаладағы он шақты көпқабатты үйге жауапты "Рассвет" пәтер иелері кооперативінің жетекшісі Елена Каильдің айтуынша, үйлерде температура 18-23 градус аралығында. Ал қалыпты температура 22-25 градус болуы керек.
"Радиаторға берілетін ыстық су температурасы – 70-75 градус. Негізі 80-100 градус қалыпты деп есептеледі" деді Каиль. Риддерліктер үйлері салқын екенін әлеуметтік желіде де жазып жатыр.
"Қаланы қысқа дайын деп қабылдап алғандарыңыз секілді, жазған қағаз бен өткізген жиналыстарыңыз да ештеңе шешпейді. Көктем келгенде бәрі ұмытылып кетеді. Қазақстандағы жылу электр орталықтарының жағдайын президент ұмытпаса екен. Әзірге рақмет айтуға тым-тым ерте" деп пікір қалдырды Несіпхан есімді желі қолданушысы облыс әкімінің Instagram-парақшасына.
Сонымен бірге "жылу электр орталығын осы халге түсірген бұрынғы инвесторды ұмытып кеттік пе, ол жазалана ма?" деп алаңдаушылар да бар.
Жыл басынан бері Риддердегі жылу электр орталығында үш рет апат болды. Оның біреуі жаңа инвестор келгеннен кейін 5 ақпанда болған. Сол кезде қала әкімі Дмитрий Горьковой "конвейер таспасын көтеретін барабан қозғалтқышы істен шықты" деп хабарлаған. Соның салдарынан бірнеше сағат ыстық су температурасы түсіп кеткен.
Бұған қоса, былтыр жыл аяғында жылу электр орталығында бірнеше рет апат болып, орталықтандырылған жүйеге қосылған 22 мыңнан астам отбасы салқын үйлерде түнеуге мәжбүр болған еді. Сол кезде ШҚО әкімі ЖЭО-дағы мәселеге орталық басшылығы мен энергетика министрлігінің жергілікті өкілдерін айыптаған.
Биыл қаңтардың аяғында Риддер жылу электр орталығына жаңа инвестор келді. Ал облыс прокуратурасы қарашада ЖЭО-да төтенше жағдай себебін анықтап, бұрынғы инвесторға қатысты тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеген, бірақ нәтижесін әлі жарияламады.
Жылу электр орталығының жұмысшылары 2021 жылы орталықтың "тозығы жеткенін" айтып, бас прокурорға, ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына және энергетика министріне хат та жолдаған. Бірақ жұмысшылар "хатқа назар аударылмағанын" айтып отыр.
Риддер ЖЭО 1997 жылға дейін мемлекет меншігінде болды. Кейін оны AES Suntree деген компания жекешелендіріп алды. Ал 2018 жылы орталықты одан Green Energy Q компаниясы сатып алды. Бірнеше мәрте болған апаттан кейін орталық биыл 24 қаңтарда RNGK деген компанияның иелігіне өтті.