Украина жеріне жасаған басқыншылығының бір жылдығы қарсаңында Ресей ядролық қарумен мейлінше кең ауқымды жаттығу жасауды көздеп отыр. Бұл ақпаратты Украина қорғаныс министрлігінің бас барлау басқармасы таратты. Ресей жаттығу жөнінде әзірге хабарлаған жоқ.
Украина ақпаратына қарағанда, Ресей орталықтандырылған әскери "Монолит" басқармасы жүйесін тексерістен өткізіп, ең жоғары дайындыққа келтірген. Ресейдің стратегиялық ядролық қарулы күштері жерден баллистикалық зымыран, әуеден қанатты зымыран ұшыруға дайындалып жатыр.
Украина барлау қызметі мұны "АҚШ президенті Байденнің 20-22 ақпанда Еуропаға сапары қарсаңында әдейі жасалып отырған бопса, сол арқылы Украинаны халықаралық деңгейде қолдауды әлсіретуді көздеп отыр" деп есептейді.
Ал Ресей қорғаныс министрлігі жексенбіде Украинаны "ядролық бопса жасағысы келеді" деп айыптады. Бұл айыптауға қарағанда, Украина "қауіпті радиация туғызуы мүмкін нысандардың маңына тарату үшін Еуропа елдерінің бірінен радиоактив заттары бар контейнер" әкелген. "Сөйтіп оның жауапкершілігін Ресейге жүктегісі келеді. Мұны БҰҰ Бас ассамблеясы арнаулы комиссиясының жұмысы басталар шаққа орайластырып отыр".
- Ресей қорғаныс министрлігі мен сыртқы істер министрлігі Украинаны кейінгі жылы "жаппай қырып-жоятын қаруға қатысы бар әлдебір арандату әрекетін жасамақшы" деп, әлденеше рет айыптаған. Бірақ іс жүзінде мұндай арандату болған емес.
- Ресей "Украина әскері химиялық қару қолданып, кінәсін Ресейге жабуға дайындық жасап жатыр" деген ақпарат таратқан. Былтыр қазанда Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу АҚШ пен Батыс елдерінің қорғаныс министрліктеріне телефон соғып, "Украина өз жерінде радиоактив заряды бар "лас бомба" жарып, оған Ресейді кінәламақ" деген еді. Киев мұндай жоспары жоғын мәлімдеген. Украинадағы ядролық нысандарды аралаған МАГАТЭ инспекторлары да "лас бомбаның" ешбір ізін таба алмаған. 2022 жылғы күзден бері Ресейдің ресми тұлғалары мен мемлекеттік БАҚ-тары "лас бомба" туралы болжамдарын доғарды.