БАЙДЕННІҢ ХАБАРЛАНБАҒАН САПАРЫ
20 ақпанда түс ауа Байден мен Украина президенті Владимир Зеленскийдің Киевтегі Михайлов шіркеуінде жүрген суреттері тарай бастады. Украина басылымдары АҚШ президенті шіркеуге соғыста қаза болған украиндардың рухына тағзым етуге барғанын жазды.
Кейін Зеленский Telegram-дағы арнасында "Джо Байден, Киевке қош келдіңіз! Сіздің сапарыңыз – Украина халқына өте үлкен қолдау" деп алғыс білдірді.
Кейін Байденнің өзі де Киевке Украина президентімен кездесуге келгенін растады.
"Бүкіл әлем Ресейдің Украинаға қанды басқыншылығының бір жылдығына дайындалып жатқан тұста президент Зеленскиймен кездесу үшін Киевке келдім. Осы сапарым арқылы демократияны, Украинаның аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігін толық қолдайтынымызды көрсеткім келеді" деді Байден мәлімдемесінде.
"Бір жылдай бұрын Путин басқыншылық бастағанда Украина әлсіз әрі Батыс екіге жарылған деп есептеді. Ол бізден басым түсем деп ойлады, бірақ ол оңбай қателесті" деді АҚШ басшысы.
"АҚШ УКРАИНАНЫ ҚОЛДАЙ БЕРЕДІ"
New York Times Байденнің Украинаға сапары қауіпсіздік үшін өте құпия сақталғаны, Киевке Польша арқылы пойызбен барғанын жазды.
"Негізі Ақ үй жексенбінің кешінде таратқан күнтізбесінде Байден дүйсенбіде Вашингтонда болады, Варшаваға дүйсенбі кешке ұшады деп көрсеткен, бірақ ол жолда болған" деп мәлімдеді басылым.
20 ақпанда Байден Зеленскиймен кездесуден кейінгі баспасөз мәслихатында "Путин Украинаны картадан жойып жіберемін деп ойлағанын, бірақ Ресей әскері жеңіліп жатқанын" айтып, "ресейлік талантты жастар мыңдап елден қашты, қайтадан Ресейге оралғысы жоқ. Ресейдің экономикасы оқшауланып, қиындыққа тап болды" деді. Сөзінің соңында Байден "АҚШ Украинаны қанша қажет болса, сонша қолдайды" деп аяқтады.
Ал Зеленский "демократиялық әлем бұл соғыста жеңіске жетуі керек" деп мәлімдеді.
"Бұл – АҚШ-Украина қарым-қатынасындағы өте маңызды кездесу. Бүгінгі келіссөзіміз өте нәтижелі болды" деді Украина президенті.
Зеленский "бұл кездесудің нәтижесі жақын арада майданда көріне бастайды" дей келе, Байденге "Украина халқы сізге риза" деп сөзін түйіндеді.
Байден Киевке сапары кезінде Украинаны Ресейдің әуе шабуылдарынан қорғайтын артиллериялық қару, танкіге қарсы және ракетадан қорғайтын жүйе беретінін, Ресей элитасы мен компанияларына жаңа санкция салатын мәлімдеді.
Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба Facebook желісінде "Байденнің сапары – Украина халқы мен президент Зеленский үшін жеңіс" деп жазды. Кулеба Ресейді меңзеп, "бұл – батпаққа "сенен ешкім қорықпайды" деген сигнал" дейді.
20-22 ақпан аралығында Байденнің Польшаға сапары жоспарланған. 21 ақпанда ол Польша президенті Анджей Дудамен кездеспек.
Зеленский былтыр Вашингтонға барып, 21 желтоқсанда Байденмен кездескен. Бұл кездесуде де Байден АҚШ Украинаны қолдай беретінін мәлімдеген.
АҚШ президенттері Украинаға 2008 жылдан бері бірінші рет барып отыр. Киев 2008 жылы президент Джордж Бушты қарсы алды. Ал Байден Барак Обама әкімшілігі кезінде вице-президент ретінде Украинаға бірнеше рет барған. Ресей басқыншылығы басталғалы Украинаға барған АҚШ-тың ең үлкен жоғары лауазымды қызметкері мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен еді.
Your browser doesn’t support HTML5