Қазақстаннан Моңғолияға барған қалмақиялық белсенді АҚШ-қа ұшып кетті

Батыр Боромангнаев.

Бұған дейін Қазақстанда тұрып келген, бірнеше күн бұрын Моңғолияға барып, елге кіре алмаған қалмақиялық белсенді Батыр Боромангнаев АҚШ-қа ұшып кетті. Бұл жөнінде #1ROOT және #NoWar қозғалыстарының мәліметіне сүйенген Мiddleasiannews.com сайты хабарлады. 1 наурызда Моңғолияның экс-президенті Twitter-дегі парақшасында "Қош бол, қаһарман!" деп жазып, белсендінің кетіп бара жатқан видеосын жариялады.

Азаттықтың Орыс қызметінің хабарлауынша, қалмақиялық оппозиция белсендісі Батыр Боромангнаев 23 ақпанда Қазақстаннан Моңғолияға ұшып барған. Бірақ ол жақта оны Моңғолияға кіргізбеген, белсенді Улан-Батор қаласы әуежайында бірнеше күн қонуға мәжбүр болған.

"Кавказ.Реалии" сайтының жазуынша, Қазақстанда оны ұстап қалғандықтан, 22 ақпанда Боромангнаевтың ресейлік паспортының мерзімі өтіп кеткен. Сол себепті оны Моңғолияға кіргізбеген.

Моңғолияда күш құрылымдары өкілдері белсендіні Қазақстанға депортациялауға тырысқан, алайда билік шешімді 2 наурызға дейін тоқтатқан. Қалмақия белсендісі құқық қорғаушыларға офицерлердің бірі "егер біреуге шағымдансаң, Ресейге депортациялап жібереміз" деп қоқан-лоқы жасағанын айтқан. Ресейде белсенді соғысқа қарсы шыққаны үшін қудаланған.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, Батыр Боромангнаев былтыр Ресей Украинаға соғысқа ашқаннан кейін көктемде ел аумағынан шығып, постсоветтік елдердің бірінде тұрған. Күзде Қазақстанға келген деп айтылады. Ол Қазақстанда болғанын құқық қорғаушылар 23 ақпанда Моңғолияға кеткеннен кейін бір-ақ білген.

Дегенмен белсенді Қазақстанда нақты қанша уақыт тұрғаны және қашан, не үшін ұсталғаны, елден не үшін және қалай кеткені белгісіз.

Адам құқығын қорғау бюросының заңгерлері Азаттыққа Батыр Боромангнаев жөнінде 23 ақпанда, яғни ол елден шығып, Моңғолияға кетіп қалған кезде ғана білгенін, бұған дейін өздеріне хабарласпағанын айтты.

Батыр Боромангнаев – ойрат-қалмақ халықтары конгресінің өкілі. Қазіргі кезде конгресс мүшелерінің біраз бөлігі Ресейден кеткен, Ресейде қалғандары қудалауға ұшыраған. Ұйым басшылығы конгресті қалмақ халқының жалғыз легитимді органы деп санайды. 2022 жылы қазанда конгресс Қалмақия тәуелсіздігі туралы декларация жариялаған.

  • Ресей Украинаға басып кіргелі бері мыңдаған ресейлік елден кеткен. Көбі шекара жуырда жабылады деп қауіптенгендіктен, кейбірі соғысқа қарсы пікірі үшін қудалаудан сескеніп, елден кеткен. Кейбірі экономикалық санкцияның салдарынан қорыққан. ЕО-мен шекара жабылғандықтан, Ресейден кетіп жатқандар көбіне оңтүстік бағытты: Армения, Грузия, Қазақстан және Өзбекстанды таңдайды.