Алматыда "Демпартия" өкілі Берік Хамидуллинді ұрып кетті

1 наурызда түнде Алматыда "Демпартия" өкілі Берік Хамидуллинді белгісіз біреу ұрып кеткен. Оқиға сәрсенбі күні Жетісу ауданында Хамидуллиннің үйінің маңында болған. "Демпартия" белсендісі Абзал Достияровтың айтуынша, сайлау кезіндегі сенімді өкілі Берік Хамидуллин ол кезде кезекті үгіт-насихат науқанынан кейін сағат 22.00 шамасында үйіне қайтып келе жатқан.

"Қанша адам ұрғанын білмеймін. Аяқ астынан болды. Артымнан келіп ұрғаннан кейін есімнен танып қалыппын. Қазір басым айналып тұр" деді ол 2 наурызда Азаттық тілшісіне.

"Демпартия" белсендісі Абзал Достияров оқиғаның саяси астары болуы мүмкін деп топшылайды. Себебі, айтуынша, Берік Хамидуллин – "ешкіммен жаулығы жоқ, салмақты адам".

– Ол кісі – менің сенімді өкілім, куәлігі де бар. Таңнан қара кешке дейін "Оптовка" базарынан бастап, өзінің үй жағындағы үйлерге дейін үнпарақ таратқан. Үйіне жақындаған кезде басынан, бетінен ұрып қашып кеткен ғой. Әлгілер қалтасындағы ақшаға, телефонға тиіспеген, – деді Абзал Достияров.

Жетісу аудандық полиция басқармасының кезекші бөлімінде отырған адам Азаттыққа әзірге ол бойынша ақпарат түспегенін айтты. Алайда бейсенбі күні Азаттық тілшісі Берік Хамидуллинге хабарласқан кезде партия өкілі үйінде полицейлер барын, жауап алып жатқанын хабарлаған.

Белсенді Абзал Достияров бейсенбі күні сағат 11.00-лерде Берік Хамидуллинге жедел жәрдем көлігін шақыртқанын айтты.