2 наурызда Қарағанды әкімшілік соты мәжіліс депутаттығына үміткер 30 жастағы Теміртас Нағыметуллаевты "ерте үгіт-насихат жүргізгені үшін" кінәлі деп танып, 51 750 теңге (шамамен 120 доллар) көлемінде айыппұл салды. Сот онлайн өтті.
Прокуратураның хабарлауынша, Нағыметуллаев 17 ақпанда, яғни үгіт-насихат кезеңі басталмай тұрып, Facebook-парақшасында сайлауға қатысты екі жазба жариялаған. Дәлел ретінде прокурор екі скриншот көрсетті. Жазбаның бірінде Нағыметуллаевтың кандидат ретінде тіркелгені жөнінде айтылады. Белсенді мұны жоққа шығармайды, бірақ оны үгіт-насихат деп есептемейді. Екінші жазбаға белсенді күмән келтіреді, себебі ол ондай мазмұнда жазба жарияламаған, яғни халықты өзі үшін дауыс беруге шақырмаған.
Ол сотта дәлел ретінде көрсетілген "скриншот" өз жазбасының скриншоты емес екенін, фотомонтажға көбірек ұқсайтынын жеткізді. Екінші "скриншот" деп атаған ақ қағазда белсендінің суреті бар, жанына текст қойылған. Екі скриншот бір-біріне мүлде ұқсамайды.
"Мына екінші қағаз – менің атымнан жазылған жай ғана мәтін. Оны фотошоппен жасай салған тәрізді. Мен оны жазған жоқпын. Бұл – фотошоп. Сонда судья тек прокурордың сөзіне сүйеніп шешім шығара салған тәрізді. Шын мәнінде, ондай нәрсе болған жоқ. Сараптама тағайындау туралы және Meta-ға сұраныс жолдау туралы өтінішті де қараған жоқ. Бұл – бассыздық: сайлауалды науқаннан алып тастағысы келсе, ала салады. Біз сияқты адамдар мәжіліске барып, шындықты айтқанын қаламайды. Бізде әділ сот болған емес" деді Азаттыққа Теміртас Нығметуллаев сот процесінен кейін.
Жауапкер жақ шешімге келіспейді, оған шағым түсіреді.
Сот шешімі шыққаннан кейін әкімшілік соттың баспасөз қызметі хабарлама таратып, жауапкердің кінәсі "Facebook-тен алынған скриншоттпен дәлелденгенін" хабарлады. Сот оны "заңсыз үгіт-насихат жүргізді" деп есептейді.
Нағыметуллаев – қоғамдағы саяси маңызды тақырыптар төңірегінде пікірін ашық жүрген белсенділердің бірі. Бұған дейін "Қытай экспансиясына" қарсы шығып, "несие амнистиясын" талап еткен.
Елде кезектен тыс мәслихат және мәжіліс сайлауы 19 наурызда өтеді. Сайлауға бірмандатты округтер бойынша жеке кандидаттардың қатысуына мүмкіндік берілсе де, сыншылар бәсекелі сайлау емес, оның имитациясын ғана көріп отырғанын айтады.
Бұған дейін азаматық белсенділер де бірмандатты округтер бойынша сайлауға қатысатынын мәлімдеген. Кейбірі кандидат ретінде тіркеле алмады.
Осыған дейін елде азаматтық белсенділер Марат Жыланбаев, Амангелді Жахин және заңгер Жасұлан Айтмағанбетовтің үстінен де "мерзімінен бұрын үгіт-насихат жүргізді" деген айыппен әкімшілік іс қозғалған еді. Үшеуі де тағылған айыптарды жоққа шығарған. Олардың әрқайсысына 51 мың теңгеден айыппұл салынды.