Ресей қорғаныс министрлігі Шойгу Украинаның соғыс жүріп жатқан аймағына барғанын хабарлады

Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу.

Ресей қорғаныс министрлігі Сергей Шойгу Украинаның әскери қимылдар болып жатқан аймағына барғанын хабарлады. Ақпаратқа қарағанда, қорғаныс министрі Оңтүстік Донецк бағытындағы "Шығыс" әскери тобының жағдайын тексерген.

Министрліктің хабарлауынша, Шойгу "алдыңғы пункт басқармасына" барып, жетекші генерал-лейтенант Рустам Мурадов пен өзге де командирлердің есебін тыңдап, марапаттап қайтқан.

Ресей қорғаныс министрлігінің телеграм-арнасында жарияланған видеода Шойгудың ұшақта отырған сәті, ғимараттары қираған елді мекенде жүргені және әскери қызметкерлермен жиналыс өткізіп жатқаны көрінеді. Видео қайда және қашан түсірілгені белгісіз.

Министрліктің мәліметінше, бұған дейін Шойгу "Шығыс" әскери тобына қаңтарда барған.

Желтоқсанда Ресей қорғаныс министрі Украинада орыс әскері басып алған аймаққа барып, алдыңғы шептерді тікұшақпен аралап көрген. Ол кезде Шойгудың нақты қайда болғаны айтылмады. Бірақ белсенділер жарияланған видеоларды талдай отырып, министр майданнан шамамен 80 шақырым жерде болған деген қорытынды жасаған.