Белсенділер өздерін сайлаудан "жаппай заңсыз шеттетіп жатқанын" айтты

Белсенділер өздерін сайлаудан "негізсіз шеттеткенін" айтты. Алматы, 9 наурыз, 2023 жыл.

Бүгін, 9 наурызда Алматыда бірнеше белсенді баспасөз жиынын өткізіп, өздерін сайлаудан "заңсыз шеттетіп жатқанын" айтып шағымданды. Айтуларынша, сайлауға екі апта қалғанда жергілікті комиссиялар "мүлік салығы жөніндегі декларацияларынан қате тауып", кандидаттар қатарынан шығарып тастаған. Белсенділер шешімді негізсіз деп есептейді.

Алматы қаласындағы №5 сайлау округінен мәжіліс депутаттығына кандидат болып тіркелген Аида Әлжанова "салық декларациясындағы сәйкессіздік кесірінен сайлаудан шеттетілген".

– Тренинг туралы әдістемеге авторлық құқықты көрсетпегенім үшін алып тастады. Бұл мүліктік құқыққа жатпайды, себебі авторлық сыйақы туралы келісім жоқ. Сондықтан оның салық декларациясына ешқандай қатысы жоқ. 12 күн бойы мен үгіт-насихат жұмысын жүргіздім, оған қаражатты өз қалтамнан жұмсадым. Бірақ кенеттен олар маған жұмысты тоқтату керек екенін айтты, – деді Аида Әлжанова.

Алматы қаласындағы №3 сайлау округінен мәжіліс депутаттығына кандидат болған Рүстем Амангелді де салық декларациясындағы сәйкессіздікке байланысты "сайлаудан шеттетілген". Ол мұның "қандай да бір астары" болуы мүмкін деп топшылайды.

"Саяси науқаннан шеттетілген" кандидат Әділ Ормановқа "декларациядағы сәйкессіздік" туралы хаттама кеш жеткен. Алматыдағы №4 сайлау округінен түскен кандидаттың салық декларациясынан "қате табылған".

– Салық декларациясында ипотекада тұрған пәтерімді көрсеткенмін. Мен әлі 3 миллион теңге төлеуім керек, оны да көрсеттім. Деректерімде сәйкессіздік бары туралы хаттама 1 наурызда шыққан, ал маған 6 наурызда жетті. Бұл мемлекеттік органдардың өзара жұмысының сапасын көрсетіп отыр, – дейді Әділ Орманов.

Баспасөз мәслихатына белсенді, заңгер Әлнұр Ілияшев те қатысты. Ол сайлауға "өтелмеген соттылығы бар тұлғалар сайлауда кандидат бола алмайды" деген себеппен үміткер ретінде тіркеле алмағанын бұған дейін Азаттық жазған. Белсенді сотқа жүгінгенімен, Алматының әкімшілік соты талабын қанағаттандырмаған.

Азаттық жергілікті сайлау округтерінен белсенділердің уәжіне байланысты жауап ала алмады. Бұған дейін Қазақстан сайлау комиссиясының мүшесі Шавкат Өтемісов тәуелсіз кандидаттардың сайлаудан шеттетілуі мен олардың қоғамдық белсенділігі арасында ешқандай байланыс жоғын айтып, "үміткерлер сотқа шағым беріп, сайлауға қатысуға қайта талпынып көре алады" деп мәлімдеген еді.

Осыған дейін Қазақстанның өзге өңірлеріндегі белсенділер де өздерін "біртіндеп сайлаудан шеттете бастағанын" айтқан. 7 наурызда Астана соты тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясының мүшелері, азаматтық белсенділер Марат Жыланбаев пен Амангелді Жахиннің "ерте үгіт-насихат жүргізгені үшін айыппұл салу туралы" бірінші инстанциядағы шешімді өзгеріссіз қалдырған. Екі белсендінің сайлаудан шеттетілуіне осы жайт себеп болған.

ОСК ақпанның аяғында жалпы республика бойынша 524 адам өздерін мәжіліс депутаттығына кандидат ретінде ұсынғанын хабарлаған. Қазіргі кезде олардың қаншасының кандидаттығы тоқтатылғаны белгісіз.

Кезектен тыс мәжіліс және мәслихат сайлауы 19 наурызда өтеді. Мәжілістегі 98 депутаттың 69-ы партиялық тізім бойынша, 29-ы бірмандатты округ бойынша сайланады.