Мәжілістің бұрынғы депутаты Сәмиғолла Оразов Ресейде тұратын ұлы Бауыржан Оразовты былтыр қыркүйекте мобилизациямен алып кеткенін, қазір Украинада жүргенін растады. Бұған дейін әлеуметтік желіде 45 жастағы Бауыржан Оразов Украинада ресейліктер жағында "соғысып жүрген болуы мүмкін" екені жөнінде хабар тараған еді.
Оның айтуынша, ұлы бұрын Қазақстанның батысындағы Орал қаласында милицияда жұмыс істеген. Кейін Ресейге кетіп, сол жақта үйленіп, отбасын құрған. Ресей азаматтығын алған.
– Мобилизация басталған кезде "мұнда кел, қайт" дедім. "Ой, папа, мені кім алады? 45-темін. Ауыратыным да бар" деді. Сосын оны шақырып алып, әскери комиссариатқа қамаған. "Мына жерім ауырады" [дегеніне ешкім қарамаған]. Ешқандай комиссия жоқ. "Анда барғасын жазыласың" деп айдап жіберіпті. Қазір Запорожье АЭС-інің маңында Энергодар деген қала бар, сонда жүр. Ол жақта соғыс жүріп жатқан жоқ, – деді экс-депутат, Орал қаласының бұрынғы әкімі Сәмиғолла Оразов Азаттық тілшісіне.
Экс-депутат Ресей басқыншылығы туралы сұраққа "өзімнің көзқарасым, позициям бар, бірақ балама зиян келе ме деп қорқамын" деп ашығын айтты.
Бұған дейін Украинадағы соғыста ресейліктер жағында да, украин жағында да қазақтар соғысып жүргені туралы хабар болған. Алайда олардың саны туралы мәлімет жоқ.
Былтыр ресейлік компаниялар орыс әскері басып алған Украинаның Мариуполь қаласын қалпына келтіру үшін Орталық Азия елдері, оның ішінде Қазақстаннан да жұмысшыларды тартып жатқаны белгілі болған.
Ресейге тәуелді Қазақстан Ресейдің Украинаға басқыншылығын ашық айыптаған жоқ. Бірақ Украинаның аумақтық тұтастығын қолдайтынын, Украинаның шығысындағы сепаратистік құрылымдарды мойындамайтынын айтқан. БҰҰ-да Ресей басқыншылығын айыптаған қарарларға дауыс беру кезінде Қазақстан көп жағдайда қалыс қалады.
Видео: Оралдың экс-әкімінің баласы Ресей жағында соғысып жүргені рас па? (1 наурыз 2023 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5