Жексенбіде Украина қауіпсіздік қызметі "Слава Украине!" деген сөзінен кейін атылған жауынгер кім екені толық анықталғанын мәлімдеді.
Бұл ақпаратқа қарағанда, "Слава Украине!" деген сөзінен кейін Ресей солдаттары бірден атып өлтірген жауынгер – Украинаның Чернигов облысы аумақтық қорғанысына қарайтын 163-батальон құрамындағы 119-бригада мергені Александр Мациевский.
– Қаруластарымен, туған-туыстарымен, жолдастарымен сөйлесіп, фото, видео материалдарды салыстырған соң, жауынгердің кім екені түпкілікті анықталды, – деп хабарлады Украина қауіпсіздік қызметі.
Александр Мациевский әскери қызметке 2022 жылы наурызда шақырылған. Былтыр желтоқсан айында Донецк облысының Красная Гора елді мекені маңында хабар-ошарсыз кеткен. Арнаулы қызметтің мәліметіне қарағанда, ол 30 желтоқсанда атылған. Мәйітін Украинаға ақпанда әкеткен.
Украина президенті Владимир Зеленский жексенбіде Мациевскийге Батыр атағын бергенін хабарлады. "Оның ерлігін, ол Украинаға қаншалық сенгенін, оның "Слава Украине!" деген сөзін барша украин білуге және мәңгі есте сақтауға тиіс" деген Зеленскийдің үндеуін "Би-би-сидің" орыс қызметі таратты.
Ресей солдаты атып өлтірген сәт көрінетін видео әлеуметтік желіде 6 наурызда тараған. Украина мұны әскери қылмыс деп бағалап, халықаралық деңгейде тергеуге үндеген.
Ресей видео туралы түсініктеме жариялаған жоқ.
Украина қауіпсіздік қызметі бастапқыда видеодағы адамды князь Константин Острожский атындағы механикаландырылған бригада жауынгері Тимофей Шадура деп мәлімдеген. 9 наурызда аумақтық қорғаныс басшылығы видеодағы тұтқын 119-бригада жауынгері Александр Мациевский екенін мәлімдеген.
Your browser doesn’t support HTML5