Ақтөбеде үгіт-насихатын автошеруге ұластырмақ болған кандидаттың ісін прокуратура тексереді

Бейтарап сурет

Жексенбі күні Ақтөбеде мәжіліс депутаттығына кандидат Сабыржан Қалмұхамбетовті қолдап, автошеру өткізбек болған 30 шақты көлік иесін полиция мәжбүрлеп таратқан. Кандидат Қалмұхамбетов мұны "сайлау алдында үгіт-насихат жүргізу құқығымды бұзу" деп есептейді. Қала әкімдігінің хабарлауынша, кандидат бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзған.

"Бұл – митингі де, бейбіт жиын да емес, автошеру. Митинг өткізетін болсам, қала әкімдігіне алдын ала хабарлар едім. 9 наурызда 80 көлік қатысатын шеру болатынын полицияға ескерттім. Жексенбіде әкімдік жанына небәрі 30 шақты көлік жиналды. Облыс әкімдігі жанынан шығып, орталық стадионға беттегеніміз сол еді, әкімдік өкілдері мен полиция тоқтатып, таратып жіберді" дейді мәжіліс депутатығына кандидат Сабыржан Қалмұхамбетов.

Ақтөбе облысы әкімдігі мен орталық стадионның арасы – 700 метрдей жер. Автошерушілерді Қазақстан туын көтерген "ГАЗель" жүк көлігі бастап, кандидат Қалмұхамбетовтің суреті жапсырылған жеңіл көліктер қостаған.

"Бейбіт жиын ұйымдастыру және өткізу тәртібі бойынша кандидат қала әкімдігіне хабарлауы керек еді. Бірақ әкімдікке ешқандай ресми құжат жіберген жоқ. Сол себепті шерушілерді тараттық. Қалмұхамбетовтің әрекетіне прокуратура құқықтық баға береді" деп хабарлады Азаттыққа Ақтөбе әкімдігі.

Ақтөбе облыстық прокуратурасы полицияға сілтеп, ақпарат бермеді. Ақтөбе полициясы қандай да бір түсініктеме беруден бас тартты.

Ақтөбе облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Жүсіповтің сөзінше, кандидат Қалмұхамбетовтің акциясын тексерумен қазір прокуратура айналысып жатыр.

"Сайлау туралы заңда" демонстрация өткізу кезінде "бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі сақталуы керек" деп жазылған. Қалмұхамбетов полицияға хабар беріп, жауап алмастан шеру өткізген. Әрине, сайлау комиссиясы кандидаттың әрекетіне құқықтық баға бере алмайды. Бірақ біз заңсыз әрекеттердің жауапкершілігі қандай болатынын кандидаттардың бәріне алдын ала ескерттік" дейді Жүсіпов.

Аумақтық сайлау комиссиясы биыл ақпан айында заңгер Сабыржан Қалмұхамбетовті "екі жыл тоғыз ай тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелмегені үшін" кандидат ретінде тіркеуден бас тартқан. Мәжіліс депутаттығына өзін-өзі ұсынған Қалмұхамбетовтің сөзінше, ол кейінгі 10 жылда тек Қазақстан аумағында тұрған. Сабыржан Қалмұхамбетов осыдан соң аумақтық сайлау комиссиясының үстінен сотқа шағымданып, жеңіп шыққан.

Қазақстан халқы 19 наурызда мәжіліс пен мәслихат депутаттарын мерзімінен бұрын сайлайды. 2022 жылғы референдум қорытындысы бойынша, мәжілістегі депутаттық орынның 70 пайызы пропорционал, 30 пайызы мажоритар сайлау жүйесімен өтеді. Облыстық мәслихаттың 50 пайызы партиялық жүйе бойынша, қалған 50 пайызы мен аудандық мәслихат депутаттарының 100 пайызы бірмандаты округтер арқылы сайланады. Осыған байланысты биыл өз-өзін ұсынушылар күрт көбейгені байқалған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Белсенділер өздерін сайлаудан "жаппай заңсыз шеттетіп жатқанын" айтты