АҚШ 14 наурызда Қара теңіз үстіндегі халықаралық әуе кеңістігінде MQ-9 Reaper үлгісіндегі барлау дроны құлағанын мәлімдеді.
АҚШ қорғаныс министрлігінің визуал ақпараттарды тарату қызметінің хабарлауынша, дронның құлауына Ресейдің екі Су-27 ұшағының "қауіпті және кәсіби емес" әрекеті себеп болған.
Орыс ұшақтарының бірі MQ-9 бұрамасына тиіп, салдарынан америкалық күштер дронды атып түсіруге мәжбүр болған деді министрлік өкілдері.
"MQ-9 халықаралық әуе кеңістігінде әдеттегі операцияларды атқарып жүрген. Орыстардың қауіпті және бейкәсіби әрекетінен MQ-9 апатқа ұшырады" деді АҚШ Әскери-әуе күштерінің Еуропа және Африкадағы қолбасшысы Джеймс Хекер.
Оның сөзінше, Ресей жағының әрекетінен "екі ұшақ құлауға аз қалған".
Ресей қорғаныс министрлігі 14 наурызда ресейлік жойғыш ұшақтар "АҚШ дронына қару қолданбағанын және дронға тимегенін" мәлімдеді.
Ресей қорғаныс министрлігі америкалық дрон "транспондері өшірілген күйі "әскери операция" (Ресей билігі Украинаға басқыншылығын осылай деп атайды) жүргізу мақсатында белгіленген әуе кеңістігінің шекараларын бұзған" деп мәлімдеді.
Оқиғадан кейін Ресейдің Вашингтондағы елшісі Анатолий Антонов АҚШ мемлекеттік департаментіне шақырылды.
АҚШ ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесінің өкілі Джон Кирби дрон ешқандай қауіп төндірмегенін айтты. Ол аппарат халықаралық әуе кеңістікте болғанын да атап өтті. "Президент Байден оқиғадан хабардар" деді ол.
Джон Кирбидің айтуынша, америкалық дрон алғаш рет Қара теңізге құлап отыр.
"Осы әуе кеңістікте ұшып жүргенімізге бір жыл болды және оны жалғастыра береміз" деді ол.
MQ-9 Reaper – АҚШ қарулы күштеріндегі соққы жасайтын негізгі дрондардың бірі. Дрон әуеде 24 сағат ұша алады және сағатына 400 шақырымға дейін ұшады.