Мәжіліс және мәслихат депутаттығына үміткерлер сайлауалды науқанында сотқа 166 шағым түсірген. Оның 135-і округтік сайлау комиссияларының кандидаттарды тіркеуден алу туралы шешіміне байланысты. 17 наурызда орталық сайлау комиссиясының (ОСК) мүшесі Асылбек Айжарықұлы осылай деп мәлімдеді. Шағымдардың 49-ы қанағаттандырылған.
Орталық сайлау комиссиясының жұма күнгі жиынында 166 шағымның 55-і Жоғарғы сотқа, 104-і мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа, жеті шағым аудандық сотқа түскені айтылды.
Қазірге дейін 164 шағым қаралған. 49 өтініш қанағаттандырылған, 84-і орындалмаған. 15 шағымды кандидаттардың өзі қайтарып алған, 16-сы қараусыз қалдырылған.
ОСК мәліметінше, округтік комиссия шешімімен мәжіліс депутаттығына үміткерлердің алтауының кандидаттығы қайтарылған.
Бұған дейін Алматыда кейбір белсенділер өздерін сайлаудан заңсыз шеттетіп жатқанына шағымданған. Олардың айтуынша, жергілікті комиссия "мүлік салығы жөніндегі декларацияларынан қате тауып", кандидаттар қатарынан шығарып тастаған.
17 наурызда осы мәселеге тоқталған Асылбек Айжарықұлы "әрбір жағдайда обьектив шешім шығарылады деп ойлаймыз" деді.
"Декларациядағы мәліметтердің дұрыстығын мемлекеттік кіріс органдары анықтайды. Оларды тексеру нәтижелері бойынша тиісті шарттарды округтік сайлау комиссиясына жібереді. Округтік сайлау комиссиялары тексеру нәтижелеріне әсер ете алмайды" деді ОСК мүшесі Асылбек Айжарықұлы.
Мәжіліс пен жергілікті мәслихаттарды мерзімінен бұрын сайлау 19 наурызда өтеді. Билік бұл жолы бірмандатты округтерден сайлануға мүмкіндік беріп, оны "саяси кеңістікті либералдау" деп түсіндірген. Алайда тәуелсіз сарапшылар "бәсекелі сайлаудың имитациясы ғана болып жатыр, сайлауды бақылау мен дауыстарды санау бұрынғыша биліктің қолында" деп есептейді.