БҰҰ жоғарғы комиссарының Қазақстанға сапары қарсаңында Астанада белсенділер оппозициялық партияны тіркеуді талап етті

Оппозициялық "Алға, Қазақстан!" партиясын тіркеуді талап еткен белсенділер Еуроодақтың Астанадағы өкілдігі алдында плакат ұстап тұр. 17 наурыз, 2023 жыл.

БҰҰ адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссарының Қазақстанға сапары қарсаңында Астанада Еуроодақ өкілдігі алдына тіркелмеген "Алға, Қазақстан!" оппозициялық партиясының өкілдері жиналып, партияны тіркеуді талап етті.

Олар 17 наурызда партияны тіркеу құжаттарын әділет министрлігіне 12-рет өткізді. Айтуларынша, министрлік бұған дейін "ұсынылған тізімде қайтыс болған адамдар барын" айтып, өтінішті кері қайтарған. Тіркелмеген партия өкілдері келіспей, дәлел ретінде 1800 адамның видеосын да берген. Бірақ министрлік бәрібір өтінішті орындамаған.

Белсенді Марат Жыланбаев "билік түрлі қитұрқы амалмен партияны тіркемей отыр", "шынайы оппозициялық күштерге еркін пікір айтуға мүмкіндік бермей отыр" деді.

Тіркелмеген партия өкілдері БҰҰ адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссары Фолькер Тюрктен осы мәселеге назар аударып, Қазақстан билігіне әсер етуді сұрады.

Наразылардың қолында "Қанды Қаңтар оқиғасы халықаралық дәрежеде тергелсін!", "Путин режиміне көмектескендерге жанама санкция салынсын", "Саяси тұтқындар босатылсын!" деп ағылшынша жазылған плакаттар болды.

Оқиғаны полиция қызметкерлері бақылап тұрды. Кейбір полицейлер наразылықты камераға түсіріп жүр.

Жұма күні Еуроодақ өкілдігінен бір қызметкер шыққанымен, наразылардың сұрағына жауап бере алмады.

Қазақстан билігі белсенділердің "билік түрлі сылтау айтып, партияларды тіркемейді" деген тұжырымдарын мойындамайды.

Ресми Астана "саяси партия құру шарттары жеңілдеді" деп жиі айтқанымен, сарапшылар іс жүзінде "саяси партия құрудағы кедергі-тосқауыл сол күйі қалғанын" айтады. Былтыр күзден бері елде "билікшіл" екі партия ғана тіркеуден өткен.

Қазір Қазақстанда "Алға, Қазақстан!" сияқты партиясын тіркете алмай жүрген бастамашыл топтар бар. Олардың кейбірі партияны тіркеуге 10-нан астам талпыныс жасап, бәрібір тіркете алмаған. Бұған дейін "Алға, Қазақстан!" оппозициялық партиясы әділет министрлігін сотқа беріп, жеңіліп қалған.