Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 17 наурызда Астанада БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссары Фолькер Тюркті қабылдады. Тюрк Тоқаевпен кездесуде Қаңтар оқиғасын тергеу, оқиға кезінде азапталғандарға өтемақы төлеу, ЛГБТ және әйелдер құқығы, сөз бостандығы мен бейбіт митинг мәселелерін айтқан. Ол Ақордаға Қаңтар оқиғасын жан-жақты зерттеу жүргізуді ұсынған.
– 2011 жылғы [Жаңаөзен оқиғасы] болсын, 2022 жылғы [Қаңтар оқиғасы] болсын, БҰҰ-ның ұсынысы – тергеу мен зерттеуді жан-жақты жүргізу. Адам өлімі болған оқиға міндетті түрде зерттелуі керек. Себебі болашаққа өткенді білмей баруға болмайды. Мен осы сапарымда тергеудің маңызын бірнеше рет айттым, – деді Тюрк кездесуден кейінгі баспасөз мәслихатында.
БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссары Қаңтар оқиғасында зардап шеккендермен сөйлескенін, азаптаулар болғанын естігенін айтты.
– Мұндай жағдайлар келешекте болмауы керек. Барлық құрбанға өтемақы төленуге тиіс. [Қаңтар] оқиғасын тексеруді ұсындым, – деді БҰҰ өкілі.
Тюрк кездесуден кейінгі баспасөз мәслихатында Астанаға Сирия мен Ирактан 700-ден астам бала мен әйелді қайтарғанына алғыс айтты. Бұған қоса, Қазақстанда ЛГБТ өкілдеріне қысым мен тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі әлі барын да атап өтіп, Астананы осы мәселелерді шешуге үндеді. Тюрк азаматтық қоғамды кеңейтуді, сөз еркіндігі мен журналистер құқығын қорғауды, бейбіт митинг өткізу бостандығын дамытуды да ұсынды.
Ақорда сайтындағы Тоқаев пен Тюрк кездесуі туралы хабарда Қаңтар оқиғасы жайлы айтылмады. Ақорданың мәліметінше, Тоқаев БҰҰ басқармасымен "Қазақстандағы адам құқықтарын қорғау мәселесі бойынша тығыз қарым-қатынас орнатуға және ақпарат алмасуға дайын" екенін мәлімдеген. Тоқаев кездесуде "Қазақстан БҰҰ-ның негізгі конвенциялары мен хаттамаларының бәрін ратификациялағанын және ұлттық деңгейде адам құқықтары саласында өзара белсенді іс-әрекет механизмдері жасалғанын" айтқан.
Астанада БҰҰ жоғарғы комиссарының сапары басталған кезде 17 наурызда бір топ белсенді Еуроодақ өкілдігі алдында наразылық акциясын өткізіп, биліктен оппозициялық партияны тіркеуді талап еткен. Қаңтар оқиғасын халықаралық тергеуді, саяси тұтқындарды босату қажет екенін де айтқан. Олар Фолькер Тюркті осы мәселелерге назар аударып, Қазақстан билігіне ықпал етуге үндеген.
- 2022 жылғы қаңтардың басында Жаңаөзенде сұйылтылған газдың қымбаттауына байланысты халық наразылығы елдің бірнеше аймағында қолдау тапты. Қалаларда жұрт наразылыққа шығып, әлеуметтік жағдайларды айтып, билікке талап қойған. Кейін бейбіт наразылық жаппай тәртіпсіздікке ұласып, кемі 238 адам қаза тапты. Бірнеше адам түрмеде азапталып, көз жұмған.
- Human Right Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Астана Қаңтар оқиғасын "біржақты тергеді" деп мәлімдеген. Құқық қорғаушылар Қазақстан билігін Қаңтар оқиғасына халықаралық тергеу жүргізуге шақырған. Бірақ ресми Ақорда бұл ұсыныстан бас тартқан.
- Қазақстанға 2012 жылы БҰҰ-ның сол кездегі адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссары Нави Пиллэй келген. Нави Пиллэй мен БҰҰ еркін жиналу құқығы бойынша арнайы баяндамашысы Майна Киаи билікке Жаңаөзен оқиғасына халықаралық тергеу жүргізу керек екенін айтқан.
- 2011 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзенде бірнеше айға созылған мұнайшылар ереуілін полиция күшпен басып, бейбіт демонстранттарға оқ атты. Ресми мәлімет бойынша, кемінде 17 адам қаза болған, жүздеген адам жараланған. Жаңаөзен оқиғасын тәуелсіз тергеуге Еуропарламент те үндеген.