Ресей әскері 22 наурызға қараған түні Украинаға "Шахид" камикадзе-дрондарымен шабуыл жасап, Киев облысында кемі үш бейбіт тұрғын қаза тауып, жеті адам жараланды. Зардап шеккендер арасында 11 жастағы бала да бар. Бұл туралы Украина төтенше жағдайлар қызметі хабарлады.
Киев облысының басшылығы 20 адам ауруханаға түскенін айтады. Бұл облыста дрон шабуылынан екі жатақхана мен кәсіби лицейдің ғимараты бүлінген.
Киев облысымен бірге Чернигов, Сум, Черкассы, Житомир, Хмельницкий облыстарында әуе дабылы қағылып, зымыранға қарсы жүйелер іске қосылған.
Украина қарулы күштері Ресей 22 наурызға қараған түні Брянск облысынан 21 "Шахид" дронын жібергенін, Украинаның зымыранға қарсы жүйелері 16 дронды қағып түсіргенін айтады.
Ресей тарабы бұл шабуыл туралы әзірге ешқандай мәлімдеме таратқан жоқ.
Украина мен Батыс елдері Ресей "Шахид" дронын Ираннан алып отыр деп мәлімдеген. Иран да Ресейге дрон бергенін мойындаған.