Ресей президенті әкімшілігіндегілер Гаагадағы соттың Владимир Путинді тұтқындау туралы ордерін Батыстың "ең тосын әрекеті" деп атаған. Бұл жөнінде Кремльге жақын дереккөзге сілтеме жасаған "Медуза" басылымы хабарлады.
Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сот Путинге Украинаның оккупацияланған аймағындағы тұрғындарды, соның ішінде балаларды күштеп көшіріп, әскери қылмыс жасады деген айып тағып отыр. Бұл соттың шарттарын мойындайтын 123 елде Путин тұтқынға алынуы мүмкін. Кремльдегі дереккөз мұндай жағдайда президенттің "қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етерін" білмейді.
"Медуза" дереккөзінің айтуынша, Путинді тұтқындау "мүмкін емес", себебі Ресей президенті өзін тұтқындау қаупі бар деген елдерге бармайды. Путинді тұтқындауы ықтимал деген елдер қатарында ТМД-ның кейбір мемлекеті және Оңтүстік Африка Республикасы (ОАР) бар. 2023 жылы тамызда ОАР-да БРИКС (құрамына Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және ОАР кіретін мемлекетаралық ұйым) саммиті жоспарланған. Оңтүстік Африка Республикасы Халықаралық қылмыстық соттың ордерін "қаперге алатынын" мәлімдеді.
"Медуза" дереккөзінің айтуынша, Украинаға шабуыл бастағалы Ресей президенті "тұрақты түрде шетелге шығып тұрады". Бір жыл ішінде ол алты елге барған. Оның бесеуі – ТМД мемлекеті, біреуі – Иран. Ресейдің билікшіл ақпарат құралдары осы сапарлардың арқасында "Ресейдің жауынан гөрі досы көп" дегенді насихаттап отыр дейді дереккөз.
Қытай төрағасы Си Цзиньпин Путинді биыл өз еліне келіп кетуге шақырды. Қытай да, Ресей де Халықаралық қылмыстық сот жұмысына қатыспайды, оның шешімдерін мойындамайды.
Кремльдегі дереккөздердің айтуынша, Халықаралық қылмыстық сот енді украин балаларын алып кетіп жатқан Ресей аймақтарының губернаторларын тұтқындауға да ордер беруі мүмкін. Бірақ бұл шенеуніктердің өміріне еш әсер етпейді, себебі олар онсыз да шетелге шықпайды дейді дереккөз.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Гаага соты Владимир Путинді тұтқындауға ордер берді. Бұл нені білдіреді?