Чехия Ресей мен Беларусь азаматтарына виза бермейтін шектеуді бір жылға созды

Прага қаласы.

Чехия Ресей мен Беларусь азаматтарына виза бермейтін шектеуді 2024 жылдың наурызына дейін ұзартты. Бұл шешімді 22 наурызда ел үкіметі қабылдады.

ІІМ басқа елдің азаматтығы бар ресейліктер мен беларустерге де шектеу қоюды ұсынып, бұл бастама да мақұлданды.

Ресей және Беларусь азаматтарына виза гуманитарлық себептермен берілуі мүмкін. Еуропа одағының азаматтығы бар және одақ елдерінде тұрақты тұрып жатқандардың туыстарына виза беріле бермек.

Чехия былтыр Ресей Украинаға басып кірген тұста ресейліктер мен Беларусь азаматтарына виза беруді тоқтатқан еді. Балтық елдері мен Финляндия да виза беру процесіне шектеу қойған. Бірақ Еуроодақтың кейбір елдері, соның ішінде Италия, Франция, Венгрия Ресей мен Беларусь азаматтарына виза беруді тоқтатқан жоқ, бірақ виза алу қиындай түсті.

Кеше, 22 наурызда Литва парламенті Ресей азаматтарына виза беруге, тұрақты тұруға рұқсат беруге және олардың азаматтық пен үй алуына шектеу қоятын заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.