Қадыровқа "Шешенстанның еңбек сіңірген құқық қорғаушысы" медалі берілді

Рамзан Қадыров, 2022 жылғы желтоқсан.

Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров "Шешенстан Республикасының еңбек сіңірген құқық қорғаушысы" медалін алды.

Медальді Қадыровқа Шешенстанның адам құқығы жөніндегі уәкілі "азаматтардың конституциялық құқықтары мен еркіндіктерін қорғауға үлес қосқаны үшін" берді. Бұған қоса, "шешен халқының ұлттық мүддесін қорғауда принципшілдік танытқаны үшін, дәстүрлі құндылықтардан айнымай, борышына адал болып қалғаны үшін" берілгені хабарланды. Медаль тағайындау туралы құжатта осылай деп жазылған.

Бұған дейін осыған ұқсас марапатты Рамзан Қадыровтың анасы мен дүниеден өткен әкесі алған.

Қадыров Шешенстанды 2007 жылдан бері басқарып келеді. Құқық қорғаушылар оны республика аумағында және одан тыс жерлерде адам құқығын өрескел бұзғаны үшін талай айыптаған. Оған өзін сынағандарды ұрлады, өлтірді деген де айып тағылған.

Ресей Украинаға басып кіргелі бері Қадыров негізгі соғыс пропагандистерінің біріне айналды. Шешенстан басшысы соғысқа қанша жалдамалы солдат жібергені жөнінде жиі есеп беріп отырады және Украина басшысы Владимир Зеленскийге қоқан-лоқы жасайды. Еуроодақ, АҚШ және өзге елдер Қадыровқа санкция салған.

Рамзан Қадыровтың үкімет берген 30-дан астам ресми медалі бар. Арасында II дәрежелі "Әскери айбындылығы үшін" және IV және III дәрежелі "Отан алдындағы қызметі үшін" медальдары бар. 2006 жылы Ресей қаһарманы атағын алды, 2020 жылы Путин оған Росгвардия генерал-майоры шенін берген.