Сот Құлыбаевтың компаниясы меншіктеген әскери госпиталь жерін мемлекетке қайтарды 

Тимур Құлыбаев.

Бас әскери прокуратура Алматыда миллиардер Тимур Құлыбаевтың бизнес-құрылымдарына қарасты "Достық Строй" компаниясы меншіктеп алған әскери госпиталь жері мемлекет пайдасына қайтарылғанын хабарлады.

Ведомство таратқан ақпаратқа қарағанда, әскери прокуратура былтыр "Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына 7 жыл бойы мақсатына сай пайдаланылмаған жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою туралы талап арыз түсірген". Сот арызды қанағаттандырған. Алғашқы шешім былтыр 24 қарашада күшіне енген.

Сот кабинетіндегі құжаттарға сәйкес, биыл 14 ақпанда Алматы қалалық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасы бастапқы шешімді өзгеріссіз қалдырған. 2 наурызда "Достық Строй" компаниясы осы сот үкімін орындау туралы шешімді түсіндіруді сұрап, арыз берген. Бірақ сот "талапкердің арызы толық қанағаттандырылды, үкімді түсіндірудің қажеті жоқ" деп тапқан.

Құжатта "Сот "Достық Строй" құрылыс компаниясынан Алматы қаласы Медеу ауданы Назарбаев даңғылы, 222а мекенжайында орналасқан, 20-315-021-540 кадастр нөмірімен тіркелген жер учаскесін мемлекет пайдасына мәжбүрлі түрде алып қою туралы шешім шығарды" деп жазылған.

Аумағы 3,8 гектар жер учаскесінде бұрын қорғаныс министрлігінің әскери госпиталі орналасқан.

6 ақпанда Азаттық бұл жер мемлекеттен жекенің қолына қалай өткені туралы зерттеу жариялаған.

Your browser doesn’t support HTML5

Аурухана орнына қонақүй салмақ. Құлыбаевтың қос учаскесі туралы зерттеу

"Достық Строй" компаниясы Joint Technologies және "Кипрос" деген екі компания арқылы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы күйеу баласы Тимур Құлыбаевқа қарайды. Компания 2012 жылы қорғаныс министрлігіне Алматының шетінен 3,6 миллиард теңгеге жаңа госпиталь салып беріп, орнына әкімдік іргесіндегі қымбат жерді алған. Әскери прокуратураның хабарлауынша, 2014 жылы бұл жердің нарықтағы құны 6 миллиард теңгеден асқан.

Жер жекеменшікке өткеннен кейін оның пайдалану мақсаты өзгертілген. Қонақүй, әкімшілік ғимарат салу көзделген. Бірақ госпиталь ғимараты сүрілсе де, орнына әлі ештеңе салынбаған.

Жер учаскесін Құлыбаевтың компаниясы Алматыны Ахметжан Есімов, ал қорғаныс министрлігін Әділбек Жақсыбеков басқарып тұрғанда алған. Есімов те, Жақсыбеков те – Құлыбаевтың қайын атасы, Қазақстанның экс-президенті Назарбаевтың жақын серіктері.

Forbes Kazakhstan журналының рейтингі бойынша, Тимур Құлыбаев Қазақстандағы ең дәулетті адамдардың алғашқы үштігіне кіреді. Әйелі Динара Құлыбаевамен бірге олардың отбасылық байлығы 8 миллиард долларға жуықтайды.

Алматыда бұдан өзге де мемлекет иелігінен жекешелендірілген бірнеше даулы жер Құлыбаевтың иелігінде тұр. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дан, Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығынан алынған жер учаскелері кәсіпкерге "Кипрос", Enterprise Development деген компаниялар арқылы қарайды.