Сейсенбі күні Ақ үй АҚШ-тың Ресеймен ядролық күштер туралы мәлімет алмасуды доғару жөнінде шешім қабылдағанын жариялады. "Америка дауысының" хабарлауынша, екі ел жылдар бойы Стратегиялық шабуыл қаруын шектеу (СШҚ-3) жөніндегі келісім аясында мәлімет алмасып келген.
АҚШ ұлттық қауіпсіздік кеңесі төрағасының мәлімдеуінше, ақпарат алмасуды доғару жөніндегі шешім Ресейдің осы келісімді уақытша тоқтатуына байланысты қабылданған.
2023 жылғы 21 ақпанда Владимир Путин Ресей СШҚ-3 келісіміне қатысуды уақытша тоқтатады деп мәлімдеген. Бірақ Ресей АҚШ-пен жасалған келісімнен толық шықпайды.
2011 жылғы ақпанда қабылданып, 2021 жылдың басында мерзімі созылған құжат 2026 жылы күшін жояды. Құжат стратегиялық ядролық оқтұмсықтар санын шектеуді қарастырады. Осы келісім аясында АҚШ пен Ресей ядролық стратегиялық күштерінің жағдайы туралы мәлімет алмасып келген.
2020 жылғы 1 қыркүйекте жарияланған соңғы мәлімет бойынша, Ресейде 1447 стратегиялық оқтұмсық бар. 2018 жылғы 5 ақпанда Ресей де, АҚШ та стратегиялық ядролық күштерін шектеу талаптарын орындаған. Содан бері олардың ядролық қоры келісімде белгіленген немесе одан төмен деңгейде сақталып келген.