Байден Демократия саммитінде "бетбұрыс кезеңі" туралы айтты

АҚШ президенті Джо Байден.

АҚШ президенті Джо Байден 29 наурызда ғаламдық деңгейде демократия кеңейе түсетін жаңа тарихтағы "бетбұрыс кезеңі" туралы айтты. Демократиялық елдер авторитар елдерге төтеп берген кезде "күштірек бола бастайды" деді ол.

Байден бұл сөзін Демократия саммитінде айтты, оған әлем елдерінің 121 басшысы шақырылған. Бұл елдердің кейбірі, Freedom House есебінше, демократиялық елдер қатарына жатпайды. Саммит негізінен онлайн режимде өтті. Алғашқысы екі жыл бұрын болған.

Үкіметтік емес ұйымдардың кейбірі, мысалы, Freedom House пен шведтің V-Dem ұйымы "әлемде, керісінше, авторитаризм үстем боп барады, ал демократиялық елдер қатары азайып жатыр" деген пікірде.

Саммите сөйлеген БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш әлем елдерінде БАҚ пен құқық қорғаушылар барған сайын жиі шектеуге ұшырап жатқанын еске салды.

Саммитке Украина президенті Владимир Зеленский онлайн қатысып, сөз сөйледі. Ол Ресеймен текетірестегі Украина демократия үшін күресіп жатыр деді.

Саммитке шақырылмаған ресми Мәскеу мен Пекин оны "екіжүзді шара" деп сынады. Ресей Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушев те саммитті сөгіп, АҚШ ыдырайды деп мәлімдеді.