Трампқа 30 түрлі қылмыстық айып тағылды

Дональд Трамп.

Манхэттеннің алқабилер соты АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трампты айыптау қорытындысын бекітті. Бұл туралы америкалық басылымдар жазды, мәліметті кейін прокуратура растады.

АҚШ тарихында бұрынғы немесе қазіргі президентке алғаш рет қылмыстық айып тағылып отыр.

Манхэттен аймақтық прокуроры Эвин Брэгг кеңсесіндегілер айыптау қорытындысын прокуратураға тапсыру үшін Трамп адвокаттарына хабарласқанын мәлімдеді. АҚШ-тың бұрынғы президенті айыптау қорытындысын алуға 4 сәуірде келуі мүмкін. Бұл туралы The New York Times экс-президенттің адвокаты Сюзан Нечелеске сілтеме жасай отырып хабарлады.

Бұрынғы президент ұсталған соң, оның қолына кісен салынып, саусақ іздері алынған, оны күдікті ретінде суретке түсіруі мүмкін. Одан соң қылмыстық іске қатысты алғашқы тыңдау өтеді.

Трамптың өзі тағылған айыптарды "саяси қудалау, сайлауға араласу" деп атаған.

Айыптау қорытындысының жай-жапсары Дональд Трамп сотқа келіп, оған ресми түрде айып тағылғаннан кейін жарияланады. CNN дереккөздерінің айтуынша, Трампқа алаяқтық қылмысына қатысты 30-дан аса айып тағылған болуы мүмкін.

Солардың бірінің порноактриса Сторми Дэниэлске қатысы бар. Ол Трамппен жүргенін, экс-президент мұны жасыру үшін өзіне 130 мың доллар төлегенін айтқан. Трамптың өзі бұл жайтты жоққа шығарып отыр. Іс материалдарына сәйкес, Трамп Дэниелске төленген ақшаны заң қызметінің ақысы деп көрсетіп, сол арқылы салық құжаттарын бұрмалаған.

2022 жылғы қарашада Дональд Трамп 2024 жылы өтетін сайлауға Республика партиясы атынан түскісі келетінін жариялады. Тағылған айыптар оған сайлау қарсаңында науқан жүргізуге кедергі болмауы керек.