Маңғыстау облысы Жетібай елді мекенінде жұмыс талап еткен 100-ден астам тұрғын 2 сәуірге қараған түні наразылықты тоқтатты.
1 сәуірде Ақтауда наразылардың үш өкілімен келіссөз өткен. Оған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев та қатысқан. 2 сәуірге қараған түні түсірілген видеода Жетібайдағы наразыларға келіссөздің хаттамасы оқылады. Хаттаманы түсіндірген адам наразылардың барлығына мұнай-газ саласынан жұмыс берілетінін айтып, адамдарға "тараңдар" дейді.
Жұмысшылар "Қашан жұмыс беріледі?" деп сұраған кезде келіссөзге қатысқан белсенді "дүйсенбіден бастап шаруаға кірісеміз" дейді.
Жергілікті әкімдік "атқару органдары түсіндіру жұмысын жүргізгеннен кейін жиналғандар акцияны тоқтату туралы шешім қабылдады" деп хабарлады. Әкімдіктің хабарламасын Lada.kz сайты жариялады.
"Жергілікті атқару органдары, қоғам белсенділері мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары Маңғыстау облысында халықты жұмыспен қамту мәселесін шешу бойынша жұмысты әрі қарай да жалғастырады" деп жазылған әкімдіктің хабарламасында.
- Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Жетібай кенті маңында жұмыссыз тұрғындар наразылықты 27 наурызда бастаған. Сол күні олар "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясы игеріп жатқан кенішке баратын жолды жауып тастаған. Олар Жетібай тұрғындарына бөлінген жұмыс орындарын көбейтуді, тұрақты жұмыс беруді талап еткен. Жергілікті билік оларға бұл шара заңсыз екенін айтып, ескерту жасаған. Кейін наразылар қысым көріп жатқанына да шағымданды. Бірнеше күн бойы наразылық өткізген 100-ден астам адам күндіз-түні далада жел өтінде тұрды. Наурыздың 30-ында кейбірі аштық жариялады.
- Жергілікті әкімдік пен билік наразылардың талабын "әділетсіз" деп атап, оны орындау мүмкін емес екенін айтқан. Бұған дейін жергілікті әкімдік наразы тұрғындарға "450 мың теңгенің жұмысы ұсынылғанын, олар бұл жұмыстан бас тартқанын" хабарлаған. Ал наразылар мұндай ұсынысты бұрын-соңды өздеріне ешкім айтпағанын, тек алғаш рет 31 наурызда айтылғанын жеткізген. Бұған қоса, олардың айтуынша, ұсынылып отырған жұмыс "бірде бар, бірде жоқ құрылыс саласынан".
- Қарақия ауданына қарайтын Жетібай кенті облыс орталығы – Ақтау қаласынан 75 шақырым жерде. Жетібайда "Маңғыстаумұнайгаз" акционерлік қоғамына қарасты "Жетібай", "Шығыс Жетібай", "Оңтүстік Жетібай" мұнай-газ кәсіпшіліктері бар. Кентте 20 мыңға тарта адам тұрады.
- Жетібайдағы жұмыссыздық мәселесі бұған дейін де жиі көтерілген. 2014 жылы тұрғындар өздері комиссия құрып, жұмыссыз адамдардың тізімін жасаған. Бірақ мәселе толық шешілмей келеді.